Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында төрт жасар бала шалшық суға тұншығып көз жұмды

Ақтөбе облысында 4 жасар бала шалшық суға тұншығып көз жұмған. Бүлдіршін бауырымен үй маңында ойнап жүрген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Бала суға екпетінен құлап, тұра алмай тұншығып қалыпты. Ол құлаған су ересек адамның тобығынан ғана келеді. Қар еріп, сай-сала суға толғанда, баланы қараусыз қалдыру қауіпті дейді құтқарушылар.

Қазір Ақтөбе облысында тасқыннан екі көпір мен бір республикалық жолды шайған. Су басқан Шалқар-Ырғыз трассасына айналма жол салып, көліктер қазір сонымен қатынап жатыр.

Байғанин ауданында үш ауылмен қатынас үзілді. Оймауыт ауылы маңында көпірді су шайып кеткен. Енді үш елді мекеннің тұрғындары керек-жарағын алу үшін тек Атырау облысының Құлсары қаласына ғана бара алады. Тасқынның беті қайтпай көпір салынбасы анық. Ойыл ауданындағы Көптағай ауылында да осындай жағдай. Көпірді бұзып кеткен. Ал жолды су басыпты. Құрман ауылы тұрғындары кеше қырдан аққан қызыл су көше бойын алып кеткенде үрейленген еді.

“Байғанин ауданындағы Оймауыт жолында кеше еріген қар суынан көпірді шайып кеткен. Ойыл ауданындағы Көптоғай елді  мекеніндегі жергілікті маңызы бар автожолда да еріген қар суынан осы жергілікті маңызы бар жолдағы көпірді алып кетті. Қазіргі таңда енді қай кезде қарқыны басылады, содан кейін көпір қайта қалпына келтіріліп, автокөлік жүреді”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Талқылау