Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында көңілдесін соққыға жыққан қала әкімі қызметінен босатылады

Фото: mugalzhar.kz

Ақтөбе облысында көңілдесін соққыға жыққаны үшін істі болған Қандыағаш қаласының әкімі қызметінен босатылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйелді соққағы жыққаны үшін айыппұл арқалаған Мұғалжар ауданына қарасты Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр сот шешіміне апелляциялық шағым түсіріп, нәтижесінде үкім ішінара өзгертілді. Сот айыппұл мөлшерін азайтқанымен, жәбірленуші өкілінің шығындарына өтелетін сома ұлғайтылды.

Ақтөбе облыстық сотының сот алқасы қаулы шығарып, Қазбек Аққайырды Қандыағаш қаласының әкімі қызметінен босату туралы шешім қабылдады.

“Сот шешіміне сәйкес біз оны қызметінен босатамыз”, – деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында қала әкімі көңілдесін ұрғаны үшін айыппұл арқалағаны туралы жазған едік. Мұғалжар аудандық сотының үкімі бойынша әкімге 80 айлық есептік көрсеткіш (314 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Үкіммен келіспеген Қазбек Аққайыр апелляциялық шағым түсірді. Сот алқасының қаулысына сәйкес айыппұл мөлшері 295 360 теңгеге дейін төмендетілді, ал жәбірленушінің өкілінің қызметіне төленетін шығын сомасы 300 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Айта кетейік, Қазбек Тілеуханұлы Аққайыр 39 жаста. Еңбек жолын мұнай саласында бастаған. 2018 жылдан бері мемлекеттік қызметте, 2024 жылы Қандыағаш қаласы әкімі болып сайланған.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 20:35