Ақтөбе облысында есірткі және контрабанда жеткізгісі келген 18 шетел азаматы ұсталды

Наурыз айында ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жүргізген жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде еліміздің бірнеше өңірінде заңсыз көші-қон, есірткі прекурсорларының айналымы және ірі көлемдегі контрабанда фактілері анықталып, олардың жолы кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл наурыз айында шекара қызметі мемлекеттік шекара арқылы заңсыз көші-қонға, контрабандаға және есірткі заттарының таралуына қарсы іс-қимыл бағытында бірқатар іс-шараларды өткізді.
Ақтөбе облысында жүк автокөлігінің тіркемесінде өткізу пунктінен жасырын өтуге әрекеттенген 18 шетел азаматы анықталды. Солтүстік Қазақстан облысында "синтетикалық есірткілерді" дайындауға арналған көлемі 5100 литр прекурсорлардың ірі партиясы табылды. Жалпы, жыл басынан бері 9 620 литр химиялық заттардың ("Тұз қышқылы", "Ацетон", "Фениппентан") және 1000 келі "Бромкетон-4" затының заңсыз тасымалдануының жолы кесілді.
Қабылданған шаралардан соң аталған прекурсорлардың соңғы алушылары белгілі болып, есірткі зертханалары жойылды.
Сондай-ақ Жамбыл облысында шекарашылар шетелге 1 миллиард теңге сомасына 160 тонна кен мен бағалы металдар концентраттарын (құрамында алтын бар құм) заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті. Аталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 8 келі “метамфетамин” тәркіленіп, күдікті қамауға алынғанын жаздық. Биыл қаңтар айында ұлттық қауіпсіздік комитеті шет мемлекеттің құзыретті органдарымен бірлесіп, халықаралық есірткі арнасының жолын кесуге бағытталған арнайы операция жүргізді. Бірлескен жедел іс-шаралардан кейін Алматы қаласында 8 келі синтетикалық "метамфетамин" затын алу кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?