Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында әйел есінен танып қалғаннан кейін психиатриялық ауруханадан бір-ақ шықты

 

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысында ешқандай дерті жоқ әйел жай есі танып қалғаннан кейін психиатриялық ауруханаға түсіп қалған. Арнайы мекемеде оған мәжбүрлеп дәрі-дәрмек берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жақында Ақнұр Шакир күйеуі және бес айлық қызымен бірге отбасылық мерекеге барған. Қатты шаршаудың салдарынан ол есінен танып қалған. Қорқып кеткен туыстары жедел жәрдем шақырған. Алдымен оны Алға аудандық ауруханасына жеткізген.

Алайда осыдан кейін Ақнұрдың өзі "қорқыныш" деп атаған жағдай басталды. Қажетті тексерулердің орнына оны Ақтөбедегі психиатриялық клиникаға жіберген.

"Жан-жағымда науқас адамдар болды, өте қорқынышты еді. Палатада менімен бірге жасы үлкен әйел жатты, ол өз-өзімен сөйлесіп, жиһазды, матрасты былғап жүрді. Дәрігерлерге менің қалыпты екенімді айттым. Маған белгісіз дәрілер берді. Мен оларды не үшін ішетінімді, сәбиіме зиян болмай ма деп сұрадым, себебі мен әлі емізіп жүрмін ғой. Бірақ олар мені ішкізуге мәжбүрледі, кейін аузымды ашып, шынымен ішкен-ішпегенімді тексерді", – деп үреймен еске алады Ақнұр.

Келесі күні туыстары Ақнұрды үйіне алып кеткен. Ал арнайы мекеме өкілдері әйел аудандық аурухананың жолдамасымен түсті деп түсіндірді. Бірақ қандай негізбен жіберілгені белгісіз.

"Дәрігерлік құпияны сақтау мақсатында ақпарат берілмейді. Ресми түрде сұрау салынса, қызметтік тергеу жүргізіледі. Әзірге ресми өтініш түскен жоқ", – деді Алға аудандық орталық ауруханасы басшысының орынбасары Мирлан Жалғасбаев.

Фото: Видеодан скрин

Қазір Ақнұр отбасымен ауылдан Ақтөбеге көшіп келіп, ата-анасының қолында тұрып жатыр. Ол өзін дәрігерлердің салғырттығының құрбаны болды деп санайды. Сондай-ақ оны заңсыз психиатриялық ауруханаға жібергендерді жауапқа тартуға ниетті.


Маңғыстау облысында тағы бір 19 жастағы сарбаз психиатриялық клиникаға түсті


Маңғыстау облысында бірден 7 сарбаздың жындыханаға жіберілгені анықталды


Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда оқушылардан ақша бопсалады деп айыпталған 17 жастағы жасөспірім жындыханаға жіберілгенін жазған едік. Полиция мәліметінше, ол бұған дейін де арнайы органдарда есепте тұрған. Сот жасөспірімді психикалық жағдайына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Қазан, 2025 08:15
Талқылау