Қазақстандық әйел банк қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан алаяқтарға 3 миллион теңге аударып жіберген
Ақтөбе облысында әйел алаяқтарға алданып, банктен несие алып, оларға аударып үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Менеджерлер әйелге алаяқтардың алдап жатқанын айтып, түсіндіруге тырысқан. Дегенмен әйел ешкімге құлақ аспай, қылмыскерлерге ақша аударып жіберген.
Алаяқтар әйелге хабарласып, оның атына белгісіз біреулер несие алайын деп жатқанын айтқан. Қазақстандық олардың әңгімесіне сеніп, банкке келіп, 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Хромтаулық тұрғынның күйеуі болған оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның айтуынша, әйелі алданғанына әлі де сене алмай отыр.
Әйел 3 миллион несие алып, оны бірден басқа біреудің шотына аудармақ болған. Сол сәтте қаржыгерлер бірдеңеден күдіктенген. Бірақ қызметкерлер әйелден не болғанын сұрағанда, ол ешкімге мән бермей, терминал арқылы бар ақшаны алаяқтарға жіберген. Содан кейін ол тағы бір несие, яғни үш жарым миллион теңге алмақ болған. Алайда бұл істі полиция тоқтатқан.
Құқық қорғау органдарына келеңсіз жәйт туралы хабарлаған банк қызметкеріне сертификат табыс етілді. Оған қырағылығы үшін алғыс білдірді.
“Клиентке жақындап: "Кімге аударып жатырсыз? "Бұл адам сізге кім?" деген сынды сұрақтар қойдым. Клиент бұл сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сосын "бұл менің ақшам, оны қалай басқару керегін өзім білемін" деп айтты. Сол кезде оның алаяқтарға ақша аударып жатқанын түсіндім”, – деді банк қызметкері Данагүл Мырзатаева.
Айта кетейік, бұған дейін Елде мессенджер арқылы ақша сұрайтын алаяқтар көбейгені туралы жазған едік.