Ақтөбе облысында аудандық әскери комиссариаттың бастығы өзіне қол жұмсады
8 желтоқсанда кешке Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әскери комиссары өз қызметтік кабинетінде асылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ratel.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Өзін өзі өлтіруге итермелеген себептер туралы әлі мәлімет жоқ. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бұл жөнінде түсініктеме бермей отыр. Сондай-ақ Ақтөбе гарнизонының әскери-тергеу басқармасы мен прокуратурасы да үнсіз.
Белгілі болғандай, өз өзіне қол жұмсаған әскери комиссар ешқандай теріс қылық жасамаған. Ол ішімдік ішпеген, темекі шекпеген және перспективті қызметкер ретінде танылған. Суицидтің бір нұсқасы – отбасылық мәселелер.
Өткен айда Богословка полигонында 30238 әскери бөлімінің Павлодардан шақырылған мерзімді қызметтегі сарбазы Ярослав Боровец тәуліктік кезекшілікке түскен. Артиллериялық оқ-дәрілер сақталатын жеке қойманың аумағындағы 1-бекетте 3-ауысымда тұрған кезде, АК-74 автоматымен өзіне оқ атып, бетін жаралаған.
Оған қоса, бірнеше күн бұрын жалдамалы пәтерде ефрейтор Шалауов өзіне қол жұмсамақ болды. Пәтерде оның досы да болған, ол көрші бөлмеде демалып жатқан. Шуды естіп, досы жүгіріп шығып, ефрейторды асылып тұрған күйінде көрген. Досы ас үй пышағымен сымды қиып, оны еденге жатқызды және 102 нөміріне қоңырау шалды. Оқиға орнына келген полицейлер әскери қызметкерді есіне келтірді. Ефрейтордан қоштасу хаты табылды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе гарнизонында әскери қызметкер өзін атып өлтіргенін жазған едік. 2024 жылдың 23 қарашасында Ақтөбе гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметкер күзет қызметін атқару кезінде бекітілген қарудан оқ атып, өз өзіне қол жұмсады.