Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1,7 миллиард теңге бөлінген": Ақтөбеде 7 жыл бұрын басталған мектеп құрылысы бітпегендіктен, тұрғындар елдімекеннен көшіп жатыр

Ақтөбе маңындағы Шилісай ауылында 2019 жылы басталған мектеп құрылысы әлі аяқталмаған. Мектептің құрылысы 7 жыл бойы тоқтап тұр, осы уақыт аралығында мектептен үміт үзген тұрғындар көшуге дайындалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Мәліметтерге сенсек, ауылда 90 отбасы тұрады, бірақ 10 жыл бұрын берілген жер учаскелері бойынша инфрақұрылым толық тартылмаған. Үйлердің көбі тек іргетасын салып қойған. Себебі ауылдағы көптеген әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары әлі де аяқталған жоқ.

Айгүл Ихсанова атты тұрғынның айтуынша, оның үш баласы мектеп жасында, бірақ балалар көрші ауылға қатынап оқиды, себебі ауылдағы мектеп әлі ашылған жоқ. 

"Мектеп автобусы алып кетеді. Осында 4 жыл бұрын көшіп келдік. Мектеп сол кезде тұрды. Әлі тұр. Өзгеріс жоқ. Сыртына қарап қоямыз. Мектеп ашылмаған соң мұндағы адамдардың көбі үйлерін сатуға қойды. Көшіп кеткісі келіп отыр. Мектеп, жол жоқ ауыл қолайсыз", – деді тұрғын Айгүл Ихсанова.

Фото: Stan.kz

Ата-аналар мектептің құрылысына қарап, өзгерістердің болуын күткен, бірақ ол 7 жылдан бері орындалмаған. Ауылдың жағдайы да қиын: жол жоқ, жаңбыр жауса жер балшыққа айналып, қатынас қиындайды, тіпті жедел жәрдем көлігі ауылға кіре алмай қалады. Балалар көктемде мектепке жете алмай қалатын кездер де болады.

Шилісайға баратын № 39 бағыттағы жалғыз қоғамдық көлік

Ал Айнұр Тәшімова атты тағы бір тұрғын ауылдағы судың жоқтығын, оның бір шақырым қашықтықтан тасылып әкелінетінін айтты. Су құбырының құрылысы екі жыл бұрын басталып, бірақ ол да аяқсыз қалған. Жол мәселесі де шешілмей тұр, ауыратын болса, жедел жәрдем көлігі ауылға кіре алмайды. Ал мектеп автобусы да кіре алмай, балалар сабаққа бара алмай қалады. Сонымен қатар ауылда қоқыс мәселесі де бар: үйден шыққан қоқысты тұрғындар қалаға апарып тастайды немесе жағып жібереді, ал арнайы қоқыс тастайтын орын жоқ.

Шилісай ауылындағы 90 үй су алып отырған жалғыз құдық

Мұрат Ертарғынұлы ауылда өмір сүріп жатқан 7 жыл ішінде көптеген өзгерістер мен уәделердің орындалмағанын айтып, су құбыры мен жол салуға қатысты мәселе шешілмей жатқанына назар аударды. 

Фото: Stan.kz

"Осы ауылда 7 жылдан бері тұрамын. Біз көшіп келгенде мектеп құрылысы басталып жатты. 7 жыл болды әлі салынып жатыр. Өңірде 3-4 әкім ауысты. Мектеп құрылысы жылда басталып, аяқсыз қалады. Ауылда қоқыс мәселесі де өзекті. Үйден шыққан қоқысты қолымызға ұстап қалаға апарамыз. Жағуға келетінді өртейміз. Ауылымызда қоқыс тастайтын жер жоқ. Шилісайды қаламен байланыстыратын 39 бағыттағы автобус кірмейді. Жолға шығамыз. Тұрғындар қалаға қатынау үшін бір шақырым жол жаяу жүріп барады. Ауылдағы жұмыстардың басы бар аяғы жоқ. Қадағалау жоқ. Мектеп құрылысы басталды. Іске қосылмай тұр. Ол ақшалардың сұрауы жоқ па? Су құрылысы басталғанына да екі жыл болды. 2-3 мердігер ауысты. Оның да қадағалауы, сұрауы болмай тұр. Ауылға, мемлекетке жаны ашитын адам керек. Мәселені халық айттып жатыр, бірақ жұмыстар бітпей қала береді”, – деді тұрғын Мұрат Ертарғынұлы.

7 жылдан бері құрылысы бітпеген мектеп

Ақтөбе қаласы әкімдігі Шилісай ауылындағы су және жол мәселелерін биыл шешуді жоспарлап отыр. 

"2023 жылы су құбыры құрылысына ашық конкурс өткізіліп, "Таир" ЖШС жеңіп шықты. Бірақ су көтеру ұңғымасының орналасқан жер телімінің жеке меншікке тиесілі болуы құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына себеп болды. Бұл мәселе жер қатынастар бөлімімен шешілді, ал құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба құны 1 млрд теңге. Биыл орталық көшеде 757 метр автомобиль жолын салу жоспарланған", – деп жауап берді әкімдік. 

Ал облыстық құрылыс басқармасы Шилісайдағы мектеп құрылысы биылғы жаңа оқу жылында дайын болатынын хабарлады. Мектептің құрылысына 1,7 миллиард теңге бөлініп, 1,6 миллиард теңге игерілген. 

“Құрылыс жұмыстарын жүргізу хабарламасына сәйкес нысанды пайдалануға беру мерзімі 2024 жылдың 1 қыркүйегіне белгіленген. Алайда көрсетілген мерзімде құрылыс жұмыстарының аяқталмауына байланысты 2024 жылдың 27 қыркүйегінде мердігер мекемені мемлекеттік сатып алудың жосықсыз жеткізушісі ретінді тану және 9,2 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алу үшін Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз жолданды. Сот шешіміне сәйкес, тұрақсыздық айыбы өндірілді. Қазір 1,6 миллиард теңге игерілді. Нысан бойынша ішкі жұмыстары 95%-ы орындалды. Алдағы уақытта сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Нысанды биыл 1 қыркүйегіне дейін пайдалануға беру жоспарланып жатыр”, – деп хабарлайды Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы.


Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы, Келес ауданы, Ескіқорған ауылының оқушылары мектепке жарымай отырғанын жазған едік. Үш жүз отбасы тұратын елді мекен балалары екі кабинеті ғана бар аядай білім ұясында оқиды. Оның өзін сол ауылдың тұрғындары жетпіс жыл бұрын асарлатып салған екен. Содан бері жаңармаған мектептің не асхана, не кітапхана, не акт залы, не спорт залы жоқ.  

Талқылау