Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысы аумағындағы орман шаруашылықтарына жаңа техникалар табысталды

Арнайы техниканың кілтін табыстау рәсімі Наурызнама онкүндігі қорытындыланған “Тазару” күні аясында өтті.

Облыс әкімі Асхат Шахаров бұл күннің табиғатқа жанашырлық пен қоршаған ортаның тазалығына деген қамқорлықты білдіретінін алға тартты. Сондай-ақ, орман шаруашылығы қызметкерлері мен салалық мекемелердің еңбегі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Өңір басшысы орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтудың қажеттілігіне де тоқталды. Оның сөзінше, табиғи байлықтарды сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу – өңірдің әрбір тұрғынына ортақ міндет.

“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Оның аясында орман қорын ұлғайту, аумақтарды абаттандыру және саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2021-2027 жылдары облыста 64 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Былтыр 18,6 миллион көшет отырғызылса, биыл тағы шамамен 10 миллион ағаш егу көзделіп отыр. Сонымен қатар, тек отырғызу ғана емес, орман ресурстарын сақтау мәселесіне де баса назар аударылады. Бүгін табысталған техника ормандарды қорғаудың тиімділігін арттыруға, өрт ошақтарына жедел әрекет етуге, қолжетімсіз аумақтарда жұмыс істеуге, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды күтіп ұстауға және су тасқынының алдын алуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары саланы дамытуға 2,2 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады”, – деді облыс әкімі.

Тракторлар, шағын орман патрульдік өрт сөндіру кешендері, жүк-жолаушылар автокөліктері, фронталды тиегіштер, шынжыртабан экскаватор, ауыр техника тасымалдайтын тіркеме – бұл техникалар орман қорын қорғауға арналған және қолжетімсіз аумақтарда жұмыс істеу мен төтенше жағдайларды жою барысында салалық қызметтердің мүмкіндігін едәуір арттырады.

Аталған техникалар Ақтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне, сондай-ақ Әйтеке би, Байғанин, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Шалқар аудандарының орман шаруашылықтарына және өңірдің гидротехникалық құрылыстарды пайдалану мекемесіне табысталды.

Ақтөбе орман шаруашылығының орман шебері Юрий Штанько бұл салада 26 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, мұндай ауқымды техника паркі бұрын-соңды болмаған. Жаңа техниканың арқасында мамандар қолжетімсіз аумақтарға жылдамырақ жетіп, өртті тиімді сөндіре алады.

“Менің тәжірибемде мұндай автопарктің толықтырылуы алғаш рет. Бізге үш кешен, екі трактор, адамдарды тасымалдауға арналған “Урал” көлігі берілді. Мен Қарғалы ауданында тұрамын, биік жерлер көп. Өрт қаупі жиі туындайды. Осы техникамен өрт ошақтарына жету әлдеқайда жеңіл болады. Оның ішінде мотопомпа, арқалық өрт сөндіргіштер, соққыштар, балта, күрек сияқты барлық қажетті құралдар бар. Бұл - орман шаруашылығына үлкен көмек”, – дейді Юрий Штанько.

Орман шаруашылығы өкілдері жаңа техникалар күнделікті жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға және болашақ ұрпақ үшін жасыл қорды сақтауға маңызды үлес қосатынына сенімді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Наурыз, 2026 16:08