Ақтөбе мен Алматыда әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіруді талап еткендер митингіге шықты
Ақтөбе қаласында әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг өтті. Рұқсат етілген митинг қала шетіндегі "Авиатор" паркінде болды, оған 30 шақты адам қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
фото: Диапазон
Қазақстан әйелдер қозғалысының белсенділері әйелдердің жалпы жұмыс өтілі 30 және одан да көп жыл, 2 және 3 топтағы мүгедектігі, көп балалы ана мәртебесі болған жағдайда 58 жаста зейнетке шығуы тиіс деп есептейді. Сондай-ақ, 1-3 топтағы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарды да 58 жасында зейнетке шығаруды талап етті.
Олар қолына "Тек әйелдің зейнет жасын көтеру – Конституцияны бұзу", "Әйелді зейнетке 63 жаста шығару – геноцид!" деген плакаттар болды.
Митингке жиырмаға жуық әйел келді. Олар 55 жастан бастап көптеген адамдардың денсаулығында күрделі мәселелер бар екенін айтты.
“Кейбір әйелдер екі ауысымда жұмыс істейді. Жұмыстан кейін үйлерінде балаларына, күйеуіне күтім жасайды, үй тазалайды, тамақ дайындайды. Мұны да ескеру керек, - дейді Ольга Смирнова.
Оның Смирнованың айтуынша, жиынға тек Ақтөбе емес, облыстағы Алға, Қарғалы аудандарының тұрғандары да келген.
Смирнова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдің зейнет жасын 61 жас етіп ұстап тұру шешімін "жартыкеш шара" деп атады.
“Мен 2017 жылға дейін құрылыс саласында жұмыс істедім. Бірақ қазір денсаулығыма байланысты ауыр жұмыс істей алмаймын. Немерелеріме қарап отырмын. Мен қазір 58 жастамын. Қыркүйекте 59 жасқа толамын. Өте қиын. Таңертең төсектен әрең тұрып, омыртқамды әрең түзетемін. Емделе де алмаймын. Өйткені тұрақты жұмыс жоқ. Мұндай аурумен еш жер жұмысқа алмайды. Осылай бола тұра неге біз 61 жасымызда зейнетке шығуымыз керек? Сондықтан мен митингіге келдім”, – дейді Гүлнар ханым.
Күн суық болғандықтан, жиын бір сағат қана болды. Митингіні әкімдік қызметкерлері мен полиция өкілдері бақылап тұрды. Бұған қоса, шараны жай киінген адамдар видеоға түсірді.
Әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг Алматыда да өтті. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, әйелдердің біразы жиынға қазақтың ұлттық киімімен келді. Олар әйелдің зейнет жасын төмендету болашақ әжелердің жақсы өмір сүруіне жағдай жасайды деген пікір айтты.
Сонымен бірге жиынға келген жұрт Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне әйелдерге амнистия жариялауды сұрады.
Біраз жыл бұрын Қазақстан билігі әйелдің зейнет жасын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын алты айға ұлғайту туралы шешім шығарған. 2022 жылдан бастап әйелдің зейнет жасы – 60,5 жыл. 2027 жылы әйел мен еркектің зейнет жасы теңесіп, 63 жаста зейнетке шығады деп ұйғарылған.
Былтыр елдің түкпір-түкпірінде әйелдің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг көп өтті. Наразы жұрт жасы ұлғайған әйелдердің жұмыс табуы қиын екенін, табылған жұмысты да істеу оңай еместігін айтып шағынған. Олар зейнет жасын ұлғайтуға мораторий жариялауды сұраған.