Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақтөбе" хоккейшілері маусым соңындағы жаппай жұмыстан босатуға байланысты клубты сотқа берді

Фото: instagram.com / hkaqtobe_official

"Ақтөбе" хоккей клубының негізгі құрамындағы ойыншылары жұмыс берушіге қарсы сотқа ұжымдық талап-арыз түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Shaiba.kz Instagram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшылардың айтуынша, келісімшарттардың бұзылуы еңбек заңнамасын сақтамай жүзеге асқан.

2025 жылғы 5 наурызда клуб бірқатар хоккейшілермен келісімшартты тоқтатты. Ресми себеп ретінде келісімшарттағы 9.7.2 тармағы көрсетілген. Бұл тармақ бойынша, команда 2024–2025 жылғы маусымдағы Қазақстан Республикасы чемпионатының ерлер командалары арасындағы екінші кезеңінің жартылай финалына өте алмаған жағдайда келісімшарт бұзылады. Еске салайық, "Ақтөбе" маусымды плей-оффтың бірінші кезеңінде "Торпедо" командасынан 1:4 есебімен жеңіліп аяқтаған.

Сотқа жолданған талапта спортшылар бұйрықты заңсыз деп тануды сұрап отыр. Сондай-ақ, 7 наурыздан бастап күндерді мәжбүрлі демалыс ретінде мойындап, осы уақыт үшін жалақы төлеуді және моральдық шығынды өтеуді талап етуде. Кейбір ойыншылар үш жылдық келісімшарттың тек бір жылын ғана өтеген. Олардың айтуынша, келісімшарттар бұзылғаннан кейін олар жатақханадан шығарылып, тамақтандыру мен жаттығу мүмкіндігінен айырылған.

Айта кетейік, арызда 9.7.2 тармағы Pro Hokei Ligasy лигасының типтік келісімшарттарына тек 2024–2025 жылғы маусым басталар алдында енгізілгені де көрсетілген. Алайда лига да, Қазақстан хоккей федерациясы да оның нақты қолдану тәртібін бекітпеген. Бұған қоса, хоккейшілердің мәртебесі мен ауысуы туралы ережеге сәйкес, егер келісімшарт клубтың бастамасымен бұзылса, спортшыға келісімшарттың орындалмаған мерзімі үшін өтемақы төленуі тиіс. Бұл талаптар орындалмаған.

Жағдаймен таныс заңгерлер клубтың әрекеттері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын және спортшылардың құқықтарын бұзады деп санайды. Бұл — лига тарихында келісімшарттың дәл осы тармағына байланысты сотқа жүгініп отырған алғашқы жағдай.

Абылайхан Палмағанбет
Жұма, 30 Мамыр, 2025 13:10
Талқылау