Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық спортшы Ильдар Ягьяевтың есімі Гиннес рекордтар кітабына енді

Фото: Lada.kz

Ақтаудан шыққан спорт шебері Ильдар Ягьяев әлемге танымал Гиннес рекордтар кітабының 2026 жылғы баспа нұсқасына енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл беделді жинақ алдағы уақытта дүние жүзі бойынша миллиондаған данамен таратылады.

Ильдар – стритворкаут және стритлифтинг спорт түрлері бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы және халықаралық деңгейде мойындалған рекорд иесі. Оның ерекше жетістіктерінің бірі – 18 келі қосымша салмақпен турникке он рет қос қолмен көтерілу. Бұл көрсеткіш арнайы сараптамадан өтіп, ресми түрде тіркелген.

2023 жылы ол тағы бір ерекше нәтижеге қол жеткізді: сақинада 40 фунт салмақпен алты мәрте көтерілу арқылы әлемдік рекорд жаңартты. Сонымен қатар, Ягьяев төрт саусақпен бір минут ішінде 25 тартылу мен 83 фунттан астам салмақпен шығу секілді күрделі жаттығуларда жаңа межелерді бағындырды.

2025 жылдың басында спортшы екі жаңа рекорд орнатып, оларды өз балаларына арнады. Оның бұл жетістіктері Ұлыбританиядағы Гиннес рекордтар кітабының орталығында салтанатты түрде расталды.

Ильдар Қазақстанда көше спортының танымал болуына елеулі үлес қосып келеді. Ол Маңғыстау облыстық стритворкаут және стритлифтинг федерациясының басшысы ретінде де белсенді қызмет атқарады. Қазіргі уақытта Ягьяев Ұлыбританияда тұрып, спорттық мансабын жалғастырып келеді.

Жас спортшыларға үлгі бола білген Ильдар Ягьяев өз табандылығы мен еңбегі арқылы әлемдік аренада Қазақстанның атын асқақтатуда.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 27 Мамыр, 2025 17:52
Талқылау