Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын дронмен түсірген блогер 10 тәулікке қамауға алынды

Блогер Азамат Сәрсенбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан кейінгі жағдайды дронмен видеоға түсіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Мұны оның адвокаты Айбек Сүйіндіков мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Азамат Сәрсенбаев. Фото блогердің жеке парақшасынан

Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының үкімімен Сәрсенбаев құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Сол үшін ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы "Билік өкілінің заңды талабына бағынбау" бойынша айып тағылды. Сот істің мән-жайын ескеріп, ең төменгі жазаны берді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Азамат Сәрсенбаевтың адвокаты оның әрекеті арам пиғылды емес, қоғамды ақпараттандыруға бағытталғанын баса айтып, шешімге шағымданбақ.

Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды. 

Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам опат болды. Ұшақтағы қазақстандық азаматтардың барлығы көз жұмды.

Талқылау