Ақтаудағы ұшақ апатынан соң бес ел Ресейге баратын рейстерді тоқтатты
Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін бірнеше шетелдік әуекомпания Ресей қалаларына және одан шығатын рейстерді тоқтатты. Барлығы 100-ден астам рейс тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Flightradar мәліметі бойынша ең көп рейсті тоқтатқан әуекомпания – AZAL (Әзірбайжан әуе жолдары), 48 рейс тоқтады.
Компания 25 желтоқсаннан бастап Бакуден Грозный мен Махачкалаға, ал 28 желтоқсаннан бастап Минеральные Воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Нижний Новгород, Владикавказ және Саратовқа рейстерді тоқтатты. Рейс қашан ашылатыны белгісіз, 5 қаңтарға дейінгі ақпарат қана бар.
FlyDubai кем дегенде 26 рейсті тоқтатты. 28 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Дубайдан Сочи мен Минеральные Водыға рейстерді тоқтататынын хабарлады. Бірақ Сочиден Дубайға және кері қарай тоғыз рейс орындалды.
27 желтоқсанда FlyDubai кешке Дубайдан Минеральные водыға ұшатын рейстен бас тартқан. Сонымен қатар 28 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында дәл осы бағытта тағы 8 рейс, Минеральные водыдан Дубайға 8 рейс орындалу керек еді.
26 желтоқсанда израильдік El Al компаниясы Тель-Авивтен Мәскеуге ұшпайтынын мәлімдеді. 26 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығындағы бес рейс орындалуы тиіс еді.
Қазақстандық Qazaq Air әуекомпаниясы 28 желтоқсан мен 27 қаңтар аралығында Астанадан Екатеринбургке ұшуды тоқтатты. 28 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында бұл бағыт бойынша 11 рейс (бесеуі Екатеринбургке, алтауы Астанаға) орындалуы тиіс.
Қазақстанда Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін Ресейге ұшуды тоқтатқан бесінші әуекомпания – Түркіменстан әуе жолдары.
Түркіменстан әуе компаниясы 30 желтоқсан мен 31 қаңтар аралығында Ашхабад-Мәскеу-Ашхабад бағыты бойынша тұрақты рейстерді тоқтатады.