Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалып, ауруханаға жатқызылған 29 адамның жағдайы белгілі болды
Ақтау маңында апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында тірі қалған 29 адам медицина мекемелеріне жеткізілді. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Мәліметтерге сенсек, 27 зардап шегушінің ішінен 11-інің жағдайы ауыр болғандықтан олар жансақтау бөліміне жатқызылды.
Облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы 2 бала жеткізілді, оларды операцияға дайындап жатыр.
Апат орнына 22 жедел жәрдем бригадасы, 6 төтенше жағдайлар медицинасы орталығының бригадасы және 4-санаттағы шұғыл шақыру бойынша 2 бригада жіберілді.
Айта кетейік, Ақтауда құлаған ұшақ бортында 6 қазақстандық болғанын жаздық. Бұдан бөлек Әзірбайжан әуе компаниясының ұшағының Маңғыстау облысында құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір көлік полициясы департаменті "Көлік құралын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, соның салдарынан екі немесе одан да көп адамның қазасына себеп болған" бабымен алдын ала тергеу бастады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау маңында ұшақ құлағанын жаздық. Апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тарады. Embraer 190 ұшағы Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі. Ол Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Құлау алдында ол Каспий теңізінің үстінен Төтенше жағдайлар департаментіне сигнал берген. Кей деректерде апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе компаниясы ұшағының құлауына құстың соғылуы себеп болған.