Ақтаудағы ұшақ апаты: Жансақтау бөлімінде жатқан үш әзірбайжандық елдеріне оралды
Ұшақ апатынан зардап шегіп, жансақтау бөлімінде 6 күн емделген үш әзірбайжандық азаматты арнайы бортпен елдеріне оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсаннан бері облыстық көпбейінді емханасының жансақтау бөлімінде жатқан Лейла Омарова, Муслимат Сираджова мен Хафизат Халаеваны бүгін Әзірбайжаннан арнайы келген ұшақтармен еліне алып кетті.
Үшеуінің де жағдайы нашарлаған жоқ, 1 науқас механикалық вентиляциядан, вазопрессордан және дәрілік седациядан шығарылды. Ал екеуінде вазопрессорлардың дозасы минималды дозаларға дейін төмендетілген. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды.
"Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында ұшақ апатынан зардап шеккен науқастар жоқ. Маңғыстаулық дәрігерлер әуе апатынан жарақат алған 29 азаматтың түгел аман-есен еліне жеткеніне дән риза", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.