Ақтауда жоғалып кеткен 15 жастағы қыз Жаңаөзеннен табылды
Ақтауда бес күннен бері оралмаған 15 жастағы Нұрсая Құралбаева табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
22 қазанда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 жастағы жасөспірім аман-есен табылды.
"Ақтау қалалық криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қыз Жаңаөзен қаласынан табылды. Ата-анасына аман-есен жеткізілді”, – деді полиция департаменті.
Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің “Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы” және “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау” бойынша екі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның үйден неге кеткені және қайда болғаны белгісіз.
Еске сала кетейік, Мұнайлы ауданының 15 жастағы тұрғыны 15 қазан үйінен Ақтаудағы политехникалық колледжге кетіп, оралмаған.