Ақтауда сарбаздың басынан орындықпен ұрған командир қызметінен босатылды
Еліміздің қорғаныс министрлігі сарбаздың басынан орындықпен, сойылмен ұрған ақтаулық командирдің қызметінен қуылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
2023 жылғы тамызда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде взвод командирінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге билігін асыра пайдалану дерегі тіркелді. Бұл дерек бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп, Ақтөбе гарнизоны әскери сотының шешімімен тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылды.
“Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңының 26-бабы 2-тармағына сәйкес сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін әскери қызметші теріс себептермен Қарулы күштердің қатарынан босатылады”, – деп мәлімдеді министрлік.
Сондай-ақ министрлік құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери ортадағы жарғыға жат әрекеттерді анықтап, олардың жолын кесу мәселесі Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Мұндай әрекетке жол бергендерге құқықтық және тәртіптік шара қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда "25744" әскери бөлімінің командирі әскерге шақырылған жігіттің басынан орындықпен ұрғаны туралы жазған едік.