Ақтауда ер адам бұрынғы сүйіктісін көшеде соққыға жықты (видео)
Ақтаудағы мекемелердің бірінде ер адам әйелді жұрттың көзінше ұрып жатқаны сыртқы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Желіде тараған видеодан ер адамның қызды бетінен ұрып құлатқанын байқауға болады.
Деректерге сүйенсек, жәбірленуші мен шабуылдаушы бұрын қарым-қатынаста болған. Бірақ ер адам үнемі сүйіктісіне қол көтере берген соң, онымен айырылысып кеткен. Жәбірленушінің достарының айтуынша, сонда да бұрынғы жігіті қызды үнемі соңынан аңдып, қорқытып, ұрып-соғады екен.
“Бұл – бірінші жағдай емес. Бір ай бұрын ол “7пятниц” мекемесінде бар үстеліне басымды ұрып, дәретханаға дейін сүйреп, унитазға қарай құлатқан”, – деп жазды жәбірленуші.
Жәбірленушінің туыстары кінәлінің жазалануын сұрап отыр.
Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты полициядан пікір сұрады.
“Патрульдік бригада бұзақылық әрекеттердің алдын алды. Оқиғаға қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. “Ұрып-соғу” фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.