Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда 3 жасар баланың үстіне 50 келілік аттракционның бір бөлігі құлап кетті (видео)

Ақтауда 3 жасар баланың үстіне 50 келілік аттракционның бір бөлігі құлап кетті

Фото: Видеодан скрин

Ақтаудағы “Apollo” балалар ойын орталығында 3 жасар баланың үстіне 50 келілік аттракцион бөлігі құлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Балалар ойнайтын жерде салмағы 50 келі ауыр құрал бекітілмеген болып шықты. 

“Құрылғы электр қалқанын жасыру үшін пайдаланылған. Сырты жұмсақ матамен қапталғанымен, ішінде ауыр металл блок болған”, – дейді баланың анасы Айнұр Бисембиева.

Баланың үстіне құлаған құрылғыны әйел өзі көтермек болған. Алайда оның алып тастауға шамасы келмеген. Қайғылы жағдайдан кейін бүлдіршін ауруханаға жеткізілді. Рентгенде баланың ешбір жері сынбағаны көрсетілді. Алайда бала аяғының қатты ауырып жатқанын айтқан. Оған МРТ жасалатын болды.

Сондай-ақ бүлдіршінге ем жасалып, психологпен жұмыс істейді. 

Оның отбасы “Apollo” ойын орталығы басшылығынан 200 мың теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді талап етіп отыр. Әйелдің айтуынша, “Apollo” тек дәрігер қабылдауды, алғашқы күні сатып алған дәрілердің ақысын төлеуге келісіп, баланың аквапаркке не ойын орталығына бір рет кіріп, ойнай алатынын айтқан. 

“Маған аквапарк немесе ойын орталығының не қажеті бар? Бала үйде төсек тартып жатыр. Мен оны әрі қарай дәрігерге апаруым керек, ал олар маған көңіл көтеруді ұсынып отыр”, – деп ашынды Айнұр Бисембиева.

Полиция бұл арызды тіркеп, материалдар Ақтау қалалық әкімдігіне жолданатынын хабарлады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 08:49
Талқылау