“Балымызды оқытамыз деп несие алдық”: Ақтауда ата-аналар оқу орталығына алданып қалған
Ақтауда балаларды ҰБТ мен зияткерлік мектептерге дайындайтын оқу орталығына алданғандар шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
LETS орталығының басшысы 200-ге тарта ата-анадан бір жылдың ақшасын жинап алып, қашып кеткен. Тіпті осы жерде сабақ берген мұғалімдерге де еңбекақы төлемепті.
"Байланысқа шықпайды. Кеше чатта Мамед деген ғимараттың басшысымен сөйлесіп жүргенін айтты. Сонда бұл алаяқтықты білдіреді ғой. Ақшасын ала алмай отырса, не үшін ол кісімен сөйлеседі? Не үшін ол бізге қайтадан оқуды жалғастыра берсін деп айтады? Осы бизнесті жалғастырып кету үшін керек дейді. Сіздерге жай ғана көмектесем дейді. Әр ата-ана 20 мың теңгеден төлеуі керек. 200 ата-анадан 20 мың — 4 млн болады. Қарайған ақша ғой”, – дейді Баян Тұрғанбаева.
12 млн теңге берген: Түркістанда мемлекеттен тегін грант алғысы келген әйел алаяққа алданып қалды
LETS оқу орталығының негізін қалаушы Атырау қаласында тұрады екен. Белгілі блогерлер жарнамасын жасаған соң, қатты сендік, дейді ата-аналар. Тіпті ұл-қыздарын оқытуға несие алып, әрқайсысы 490 мың теңгеден ақша төлеген.
Алайда қолында келісімшарты бар ата-аналар енді ақшасын даулап жүр. Өйткені оқу орталығының басшысы жоқ болып кеткен. Амалы таусылғандар қала прокуратурасына жаппай арыз жазды.
"LETS білім беру орталығының басшыларына қатысты полиция және басқа да мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесіп, тиісті тапсырма беріп, арыздағы уәждерді жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылданады. Ата-аналарына хабарланатын болады”, – дейді Ақтау прокуратурасының бөлім бастығы Бағдаулет Ахметов.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада немересінің арманын орындамақ болған зейнеткер алаяқтарға алданып қалғанын жазғанбыз.