Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау тұрғындары жылудың жоқтығына шағымданып жолды жауып тастады

22-23 қазанға қараған түні Ақтау қаласының 39 шағын ауданының тұрғындары пәтерлерінде жылудың жоқтығына наразылық білдіріп, жолды жауып, қала әкімімен кездесуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан

Желіде тараған видео кадрларынан оқиға орнына формадағы қызметкерлердің келгенін көруге болады. Алайда бетперде кигендіктен олардың түрі анық көрінбеген. Құқық қорғау органдары қатал әрекет етіп, наразылық білдірушілерді итеріп, жұлқылағандары да көрінеді. Тіпті  ашуланған тұрғындардың бірін көтеріліп, алып кеткен.

"Біз жалған уәдеге тойдық. Ертең жылу беріледі деді. Бірақ жылу толығымен берілмеді. Үйлерде адамдар тоңып отыр. Кішкентай балалар да бар. Тіпті сыртта үйден де жылы. Олар мүмкін коттеджде тұратын шығарсыз. Алайда біз үмітсіз болғандықтан көшеге шықтық. Әкімнің бізді естігенін қаладық", -деді тұрғындар.



Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов осы жерге келіп, қала тұрғындарының шағымдарын тыңдады.

“Бұдан былай жолды жауып тастауды қояйықшы. Егер сөйлескілеріңіз келсе шақырыңыздар. Мен кел деген кезде келіп, тыңдаймын”, – деді әкім.

Жылу беру мәселелері тек 39-шы шағын ауданға ғана емес, қаланың өзге де аудандарында болып отыр. Жылуды 15 қазанда бастауға уәде бергеніне қарамастан, көптеген үйлерде әлі де суық. Әкімдік адамдарға шыдамдылық танытуды сұрады. 

Талқылау