Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сараптамада жарылғыш заттардың іздері анықталмаған: Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатына қатысты тергеу туралы аралық хабарлама жарияланды

Фото: ТЖМ

Қазақстанның көлік министрлігі 2024 жылдың 25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатын тергеу барысы туралы аралық хабарлама жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік жариялаған құжатта ұшақтың Баку (UBBB) – Грозный (URMG) бағыты бойынша J2-8243 жолаушылар рейсін орындағаны, әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тауып, тағы 29 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алғаны айтылған.

“Көлік министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 26 желтоқсанындағы №433 бұйрығымен тағайындалған аталған оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиғаның себептерін және ілеспе факторларын анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда”, – делінген хабарламада. 

Әуе апатын тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына Әзірбайжанның, Ресейдің, Бразилияның уәкілетті өкілдері, сондай-ақ ИКАО-ның бақылаушысы қатысып жатыр. 

Аралық хабарлама дайындалған сәтте комиссия экипаж бен диспетчерлерге қатысты мәліметтерді, ұшуға дайындық пен оны орындау құжаттамасын, метеорологиялық ақпаратты және техникалық қызмет көрсету материалдарын қоса алғанда, нақты деректерді жинап, талдаған. Сондай-ақ ұшуға қатысты борттық журнал мен өзге де құжаттардың көшірмелері алынған.

Борттағы өздігінен жазу құрылғылары, оның ішінде ұшу деректерін тіркегіштен (FDR) алынған параметрлер шығарылып, сәйкестендіріліп, дешифрленген. Сонымен қатар борттық дыбыс жазу құрылғысының (CVR) жазбалары да толықтай тыңдалып, талданған.

Тергеу аясында бөгде металл заттарға (сыртқы объектілерге) кешенді сараптамалар жүргізілген. Нәтижесінде жарылғыш заттардың іздері анықталмаған, сондай-ақ үш оттегі баллонында жарылыс белгілері табылмады.

“Әуе кемесіне келген зақымдар, болжам бойынша, жауынгерлік бөліктің зақымдаушы элементтері салдарынан туындаған, алайда олардың нақты қай құрылымға тиесілі екені анықталмады”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар №2 гидравликалық жүйе түтігінің бір бөлігіне жүргізілген трассологиялық сараптама зақымдардың бар екенін көрсеткен. Зақымдануға қатты заттармен жанасу салдарынан металдың жыртылуы ретінде сипатталады. Тесіп өткен зақымданулар болат негізді қорытпадан жасалған металл сынықтарының (сыртқы объектілердің) әсерінен пайда болуы мүмкін.

Комиссия екі жұмыс тобын құрған. Бірінші топ ИКАО-ның Doc 10084 құжатына сәйкес қақтығыс аймақтарының үстімен немесе оған жақын аумақтарда ұшуларды орындау кезіндегі тәуекелдерді бағалау мәселесін, сондай-ақ азаматтық және әскери секторлар арасындағы өзара іс-қимылды талдаумен айналысуда.

Екінші жұмыс тобы Ақтауда №2 гидравликалық жүйе элементтерін реконструкциялау жұмыстарын жүргізген. Бұл жұмыс аяқталып, қазір материалдар талдау сатысында.

Қазір комиссияның Central Maintenance Computer кассетасын зерттеу жұмыстарының аяқталуын, сондай-ақ қақтығыс аймақтарына жақын аумақтарда ұшулар кезіндегі тәуекелдерді бағалау жөніндегі жұмыс тобының есебінің дайындалуын күтіп отырғаны хабарланды.

“Тергеп-тексеру жөніндегі комиссия байыпты ұстанымды сақтайды және барлық қорытындылар объективті тек фактілерге негізделген болады. Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті есеп Көлік министрлігінің сайтында жарияланатын болады”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, апат 2024 жылдың соңында Ақтау маңында болды. Баку–Грозный бағытымен ұшып бара жатқан ұшақта 67 адам болған. Олардың 38-і (негізінен Әзірбайжан азаматтары) қаза тапты. Қайғылы оқиға алдында әуе кемесі Ақтау әуежайының үстінен бірнеше рет айналып өткен. Пилот 7 700 дабыл кодын беріп, қосалқы әуежайға қонуға сұрау жіберген.

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.

4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі апаттың алдын ала нәтижелері бойынша есеп жариялады. Онда әуе кемесінің зақымданған және жартылай өртенген бөліктерінің фотолары, сондай-ақ төтенше жағдайдан кейінгі ұшу реконструкциясы көрсетілген. Алдын ала есепте "Ковер" жоспары жарияланған сәттегі диспетчерлер әңгімесінің фрагменті де бар.

Жуырда Ресей президенті Владимир Путин Ильхам Әлиевпен кездесуде Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатына қатысты пікір білдірді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 19:44