Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау әуежайы қолы жұлынған қыздың отбасына 2 миллион теңге өтемақы төлейді

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Ақтау әуежайында эскалатордан жарақат алған екі жасар қыздың отбасына сот шешімі бойынша 2 миллион теңге моральдық өтемақы төленетін болды. Сот баланың жарақат алуына әуежай қызметкерінің бақылаусыз қалдыруы себеп болғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024 жылдың жазында елордадан келген әйел кәмелетке толмаған екі баласымен бірге Ақтауға ұшып келеді. Пассажирлік терминалдан шыққаннан кейін екі жасар қыз жолаушылар шығатын есіктер арқылы әуежай ғимаратына қайта өзі кіріп кеткен.

Ішке кірген соң, бала жұмыс істеп тұрған эскалатор механизміне қолын тығып алып, саусақтарының ашық жарақатымен және сүйек сынуымен ауруханаға түсті. Қыз бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның шамамен 10 жасқа келгенде зақымданған саусақтарын түзету үшін операция қажет болатынын айтты.

Жарақат алған баланың анасы моральдық зиянның өтемақысын талап етіп, әуежайға сотқа шағым түсірді. Алайда әуежай өкілдері оқиға баланың ересектерсіз өз бетінше эскалаторға баруынан болды деп, кінәні мойындамаған.

Сотта қаралған бейнежазба оқиғаның басқаша өрбігенін көрсетті. Әуежай инспекторы қызды қызметтік есіктер арқылы өткізген кезде оның қолын ұстап тұрған, алайда артынан кірмек болған анасымен сөзге келіп, баланың қолын жіберіп алған. Әйелді терминалға кіргізбеген, ал баланың соңынан ересек адам ермей қалған. Осы сәттен кейін қыз эскалаторға жақындап, жарақат алған.

Сот оқиғаның әуежай қызметкерінің кінәсінен болғанын анықтады. Инспектордың баланы ересексіз терминалда қалдыруына жол бермеуге тиіс еді. 

Әуежай өзінің кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар ұсынбады. Керісінше, инспектордың еңбек шарттары, жұмысқа қабылдау және тәртіптік жаза туралы құжаттары, сондай-ақ оның қызметтік міндеттерін айқындайтын нұсқаулықтар кінәні дәлелдеді.

Соттың шешімімен әуежайдан баланың заңды өкіліне 2 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді.

Астанада ішінде адамдар болған лифт құлап бір адам қаза тауып, екі адам зардап шекті

Еске салайық, бұған дейін Петропавлдағы сауда орталығында 8 жасар бала эскалатордан құлап, дене жарақатын алды. Баланың оқиға кезінде ересектердің қарауынсыз болғаны хабарланды. Қазіргі кезде полиция сауда орталығының қауіпсіздік шараларын тексеріп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 10:31
Талқылау