Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақшасын дер кезінде шешіп алмағаны үшін қазақстандық зейнеткердің зейнетақы төлемдерін тоқтатып тастаған

Зейнеткер-pixabay.comФото: pixabay.com

Петропавл қаласында 72 жастағы мүгедектігі бар зейнеткер зейнетақыдан қағылған. Шотындағы ақшасын біраз уақыт шешіп алмағаны үшін жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі төлемді тоқтатып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сырқатына байланысты үйден сирек шығатын зейнеткердің ақшаны дер кезінде шешіп алуға мүмкіндігі болмаған. Қаражат картаға жиналып жатыр деп ойлаған. Зейнеткер жиналған ақшаға шипажайға баруды ойлаған. Алайда ақшаны шешіп алмақ болып банкке барғанда есепшотта қаражат жоқ болып шықты. Оған қоса төлемдер тоқтап қалғаны анықталған.

"Қазір әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне келдік. Олар расымен төлем тоқтатылғанын айтты. Олар банкті кіналап отыр. Айтуларынша, банк үш ай бұрын оларға желтоқсан айынан бері анамның есепшотында ешқандай қозғалыс болмағаны туралы хабарлама жіберген. Негізінде анам наурызда келіп зейнетақысын шешіп алған. Бұл қалай болуы мүмкін? Егер шотта қозғалыс болғанын көріп отырсаңыз, неге төлемді қайта қалпына келтірмейсіз? Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміндегілер қазір банкке баруымыз керек екенін айтты – сол жерде есепшот барын растайтын хабарлама алып, есепшоттың нөмірін әкеліп, өтініш жазумыз керек екен, олар сегіз күн қарап, шілдеден бастап төлемді қайта жібереді", – дейді зейнеткердің қызы Ирина Панфилова

Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі қызметкерлері заң аясында әрекет еттік дейді. Мемлекеттік органға екінші деңгейлі банктерден зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың кейбірінің үш ай бойы қаражатын алмағандығы туралы мәлімет беріледі екен. Бөлім қызметкерлері ондай тұрғындарды тауып, себебін сұрауға тырысады. Егер олар ақшасын жинап жатқан болса, онда себебін көрсетіп өтініш жазуы керек екен.

"Бұл тұрғын бізге ақшасын жинап жатқаны туралы өтінішпен жүгінген жоқ. Клиент өтініш бермеген жағдайда тоқтата тұру үшін істің электронды жобасын  уәкілетті орган – департаментке жібереміз. Олар тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Мәлімет сәуір айында келіп түсті. Бірінші мамырдан бастап біз оған Әлеуметтік кодекс негізінде барлық зейнетақы төлемдерін тоқтаттық", – дейді Петропавл қаласы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Адай Қарағожин.

Заңгер Олег Хрупиннің айтуынша, құжаттың бір тармағына сәйкес, егер ақша үш ай бойы алынбаса, зейнетақы төлемдері шынымен де тоқтатылуы мүмкін. Бірақ оны растау керек.

"Бұл жағдайда мемлекеттік органның дұрыс істеген-істемегеніне сенімді болу үшін зейнеткердің үш ай ішінде осы шоттан ақша алған-алмағаны туралы нақты, толық ақпарат алу қажет. Егер кодекс қабылданса, онда қандай да бір жаңа талаптар туындаса, қалай болғанда да, мемлекеттік деңгейде, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы ақпаратты, осы жағдайларды ең болмағанда еліміздегі зейнет жасындағы тұрғындарға жеткізу керек еді. Үш ай зейнетақысын шотынан шешіп алмай, банкке келгенде төлем тоқтап қалғанын білгенде бұған не себеп болғанын және одан қорықпау керек екенін, белгілі бір жағдайларда қайта қалпына келтірілетінін түсіндірулері керек еді", – дейді заңгер Олег Хрупин

Ал зейнеткердің қызы мұндай жағдайға басқа да адамдар тап болып жатқанын, жаңалықты барлық зейнеткер бірдей біле бермейтініне сенімді.

"20-сына дейін үлгермесек, зейнетақысын тамыз айында ғана ала алатынын айтты, бірақ бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Анамның мүгедектігі бар. Неліктен олар әлеуметтік қызметкер жіберіп, не жағдай болғанын тексермеген? Ол жалғыз тұрады. Анам екі зейнетақы алады – бірі базалық, екіншісі мүгедектігі бойынша. Осы айлардың ішінде екеуін де алған жоқпыз, онда да, мұнда да ешкім "Бұл қалай болғаны?" деп таңғалып отырған жоқ. Ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ", – дейді Ирина Панфилова.

Енді зейнеткер банкке барып, әлеуметтік қамсыздандыру органдарына тағы да шотын ұсынып, сол арқылы өзінің тірі екенін және ешқайда кетпегенін дәлелдеуі керек. Ал олар зейнеткерге барлық төлем келесі айда ғана қайтарылатынын айтып отыр. 

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 10:21
Талқылау