Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ақшаның жиырма жеті қағидасы”: Home Credit Bank қазақстандықтарға қаржылық сауаттылықты үйрететін кітаптың бас демеушісі болды

Алматыда белгілі коуч Роза Әшірбаеваның “Ақшаның жиырма жеті қағидасы” атты кітабының тұсаукесері өтті. Қаржылық сауаттылыққа бағытталған бұл еңбектің жарыққа шығуына Home Credit Bank бас демеушілік жасады. Банк өзінің 20 жылдық мерейтойын қоғамға пайдалы әлеуметтік жобамен қорытындылап, қазақ тіліндегі сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға үлес қосып келеді. Компания үшін мұндай бастамаларды қолдау – елдегі қаржылық мәдениетті дамыту мен мемлекеттік тілдің өркендеуіне нақты үлес қосу.

5 мың тираж болып шыққан кітапта жеке қаржыны басқаруға арналған 27 практикалық қағида ұсынылған. Онда бюджетті жоспарлау, ақша жинағын қалыптастыру, қаржылық тәуекелдерді бағалау және қаржылық құралдарды жауапты пайдалану мәселелері қамтылған. Бұл қағидалар оқырманға ақшаны сауатты түрде жұмсап, қаражатты дұрыс басқаруға көмектеседі. 

Кітаптың авторы – танымал қаржылық коуч, инфлюенсер Роза Әшірбаева. Ол әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі туралы контенті арқылы Қазақстан мен ТМД елдерінде үлкен аудиторияға ие. Home Credit Bank-тің осы жобаға Розаны таңдауы тегін емес. Себебі ол қаржылық сауаттылықты ұзақ жылдар бойы қарапайым тілмен түсіндіріп, мыңдаған әйелге көмектесіп жүр. Оның көзқарасы мен ұстанымдары банк мақсатымен толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, қаржылық мәдениетті арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және мемлекеттік тілді қолдау екі жақтың да негізгі ұстанымы. 

“Бұл кітапта қарапайым тілмен жазылған қаржы және ақша табу туралы кеңестер берілген. Сонымен қатар менің өмірдегі тәжірибем мен қателіктерім де қамтылған. Қаржылық сауаттылық бүгінде кез келген жастағы оқырман үшін өзекті тақырып. Өйткені көпшілік "ересек адамдар ақшаны басқара алады" деп ойлайды. Алайда ақшаға қатысты білімнің жетіспеушілігі немесе эмоцияға беріліп сауда жасау түрлі жағдайларға әкелуі мүмкін. Өз тәжірибемнен, сондай-ақ таныстарым мен оқырмандарымның тәжірибесінен көргенім, ересек адамдардың бәрі ақылды, сауатты емес, қаржылық дағдыларын дамытпаған. Сол себепті кітапты оқыған адам өзінің жеке қаржысына назар аудара бастаса, мен үшін бұл үлкен жетістік болар еді. Әсіресе, бұл кітап жастарға ой салады деп үміттенемін”

Home Credit Bank компаниясы қаржылық қызмет көрсетуден бөлек, қазақстандықтарды ақпараттандыруға, қандай да бір пайдалы ақпарат беруге өте көп үлесін тиігізіп жүр. Өзім банк қызметтерін қолданушы болғандықтан осыған назар аударып жүргенмін және банктің осы бастамада менімен серіктес болғанына өте қуаныштымын. Өйткені компанияның миссиясы осыған бағытталғандықтан банк үшін бұл жаңа нәрсе болған жоқ”, – деді Роза Әшірбаева.

Home Credit Bank әсіресе мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің дамуына назар аударады. Осы бағытта жарыққа шыққан кітап қазақ тіліндегі қаржылық әдебиет тапшылығын толықтыруға арналған. Банктің негізі мақсаты – білімнің әрбір қазақстандыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

“Компания 20 жылдан бері әрдайым қаржылық сауаттылыққа қатысты шараларды қолдауды өз міндеті санап келді. Ең қуантарлығы, бұл жобаны жүзеге асыру арқылы кең аудиторияға қазақ тілінде қаржыны басқарудың негізгі қағидаларын үйрету мүмкіндігіне ие болдық. Олардың ішінде: жинақ жасау, қаржылық тәуекелдерді бағалау, отбасылық бюджетті тиімді басқару сияқты дағдылар бар. Бүгінде қазақ тілінің қолданысы артуда. Сондықтан мемлекеттік тілдегі пайдалы ақпараттандыруға әркез қолдау қажет.
Өкінішке қарай, мектептер мен университеттерде бұл маңызды дағдылар жеткілікті деңгейде оқытылмайды. Сондықтан біз және әріптестеріміз елдегі қаржылық мәдениетті көтеруге үлес қосуды жөн көрдік. Кітапты баршаға қолжетімді әрі тәжірибеде қолдана алатындай ету үшін бірге жұмыс істедік. Банк халықтың әр түрлі топтарымен жиі байланысып, олардың қандай сұрақтармен жиі кездесетінін біледі. Сол себепті кітаптағы ақпарат нақты әрі түсінікті болатындай етіп дайындалды. Болашақта да қаржылық сауаттылыққа арналған бастамаларды қолдап, қазақ мәдениетін және өнерін насихаттайтын жобаларға белсенді түрде қатысуды жалғастырамыз ”, – деді Home Credit Bank Басқарма төрағасы Кирил Бачваров.

Кітап барша қазақтілді аудиторияға арналған. Ішіндегі ақпарат жеңіл әрі түсінікті жазылған. Кеңестері де күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы. Ол банктің 20 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған ірі әлеуметтік жобалардың соңғы қорытындысы болды. Себебі бұған дейін Home Credit Bank өзінің мерейтойы аясында жалпы құны 250 миллион теңге болатын бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырған еді. Олардың қатарында:

  • • "Жасыл аллея" бағдарламасы аясында 12 қалада 1200 ағаш егілді.
  • • "Семей орманы" қорында 1000 қарағай отырғызылды.
  • • "Бурабай" ұлттық паркінде "Бөлектау" табиғи жолы салынды.
  • • Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының жедел жәрдем қызметкерлеріне 1514 жинақ арнайы киім табысталды.
  • • Алматы қаласына қазақ авторларының өлеңдерімен безендірілген "Поэзиомат" өнер туындысы тарту етілді.
  • • Астанада Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру акциясы мен Жүрек орталығы қорына қолдау берді.

Банк бұдан басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырды.

Home Credit Bank – мәдениетке, мемлекеттік тілге және қаржылық сауаттылыққа инвестиция салатын әлеуметтік жауапты банк. Мұндай бастамалар арқылы компания қоғамның дамуына үлес қосып, табиғатты қорғау, әлеуетті дамытуға пайдалы жобаларды іске асырады және рухани мәні бар шараларға тыныс береді.

STAN.KZ
Жұма, 21 Қараша, 2025 19:35
Талқылау