Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұрып кету 150 000 теңге": Әлеуметтік желіде "ақшаға жазалау" қызметін ұсынатындар пайда болған

Фото: pinterest.com

Қазақстандық Telegram арналарында ақшаға "жазалау қызметін" ұсынатын күмәнді хабарландыру тарады. Белгісіз тұлғалар қорқыту, ұрып-соғу және мүлікті өртеу секілді заңсыз әрекеттерді ақылы түрде орындауға дайын екенін мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Хабарландыру авторлары "мәселені басқа тәсілдермен шешуді" ұсынып, "қарапайым сөз әсер етпейтін жағдайда қолдау көрсететінін" мәлімдеген. Сонымен қатар олар құпиялылық сақталатынын және әр клиентке жеке тәсіл қолданылатынын атап өткен.

Ұсынылған "қызметтердің" қатарында телефон арқылы қорқыту, ұрып-соғу, пәтердің кіреберіс есігін өртеп жіберу, автокөлікті өртеу, сондай-ақ жәбірленушіні қала сыртына алып кетіп, күш көрсету әрекеттері бар. Қосымша ақы төленген жағдайда "жазалау процесін" бейнежазбаға түсіріп беруге уәде етіледі.

Фото: Telegram скриншот

Бағасы бірнеше ондаған мыңнан жүздеген мың теңгеге дейін көрсетілген. Аталған жайтқа байланысты редакция хабарландырудың скриншоттарын қоса тіркеп, ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство өкілдері құқық қорғау органдары интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп, заңсыз және қоғамдық қауіпті қызметтерді ұсынатын жарияланымдарды анықтау және бұғаттау шараларын қабылдап жатқанын хабарлады.

"Өз құзыреті шеңберінде ішкі істер органдары интернет кеңістігін бақылап, құқыққа қайшы мазмұндағы хабарландыруларды анықтайды және оларды бұғаттау жөнінде бастама көтереді. Жиналған материалдар заңнамаға сәйкес құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті бөлімшелерге жолданады", – делінген министрлік жауабында.

ІІМ киберқылмысқа қарсы жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтіп, азаматтарды қырағылық танытуға және кез келген заңсыз әрекеттер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.



Еске салайық, бұған дейін мүгедектігі бар күйеуін өлтіруге киллер жалдады деп айыпталған Эльвира Еркебаеваға шартты жаза тағайындалды. Тергеу нұсқасына сәйкес, Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіру үшін екі миллион теңгеге киллер жалдаған. Қылмысты ұйымдастыруға 33 жастағы Кузнецов көмектескен, ол тапанша сатып алып, ер адамды өлтіруге тиіс болған. Абырой болғанда, қылмыс тек жоспар күйінде қалған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 09:53