Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақша танымайтын әжей сатып алушылардың айтуы бойынша қайтарым ақшасын беріп есептесіп жүр

Жасы 70-ке таяған әжей ақша анай алмаса да базарда сүт-май сатып күнелтеді.

Бұл туралы Facebook желісінің “Дүниежүзі қазақ қандастары” тобы жазды.

Базарда, ағарған сататын бір ападан қолдың сүті мен сары майын, құрт-ірімшігін арасында алып тұратынымыз бар. Басқа емес, нақ сол кісіден алғым кеп тұрады. Бұл апа, шамамен жетпістің о жақ, бұ жағында болуы керек.

Базарда жасаған саудамды сіздерге айтуымның басты себебі, бұл әжейдің ақша санауға келгенде тыпыршып қалатындығы. Клиенттен, тауарының ақысын алған кезде қасындағы әріптестеріне:

-Әй, қыз-ау, мына ақшаға қандай ақшамды қайтарайын?!-деп, әмиянын береді де, клиентке қайтарым (сдача) ақшасының ішінен керегін алдыртады.

Егер мен секілді таныс клиенті болса:

-Мынауың неше теңге? –дейді қазақы сенімпаздықпенен.

-Апа-ау, екі кола сүтке мың теңге беріп тұрмын, бес жүз қайтарасыз?!-дегеніме.

-Мынаның ішінде аспан көк бесжүздік қағаз жоқ екен. Мына сарғайған екіжүздікті ал, сосын тиындардың ішінен нешеуін алуың керек?!-деп, алақанындағы бір уыс тиын-тебенін ұсына қояды.

Керек қайтарымыңды (сдача) алған соң:

-Апа, үш жүз теңге тиын алдым,,,-деп, тиын-тебеніңді қасындағы әріптестеріне көрсетіп, кете барасың.

Байқауымша, бұл әже, ақша номиналдарын саны мен жазуынан емес, түр-түсінен ажыратады. Және, есепке жоқтау. Әйтеуір, жобалап, шамалайды. Жұртшылыққа арқа сүйенеді. Көбінесе қасындағыларға сенеді.

Біздер, заманымызды жамандаймыз. Заманына қарай адамы дейді қазекем. Заман машина болса, руль адам қолында емес пе?!…

Мынадай зымиян да, қатыгез заманда, адамдардың бір-бірін алдап-арбап, тақырға отырғызып кететінін біле тұра, бұл апа, өзінің адалдығын ту ғып ұстайтын секілді. Барлық жұртты өзіндей адал көретіндей. Іс-әрекетін де соған орай лайықтайтынын байқауға болады. Бойында қазақы аңғалдық, сенімпаздық, мейірім-шуақ аңқып тұрады. Әйтеуір, мен білгелі, бұл әженің саудасына базардың осы төңірегіндегілердің барлығы өз тірліктерін бір сәт доғара тұра, есебін шығарып, көмектерін еш аямайды.

Бейтаныс, сеніңкіремейтін клиентіне ақшасын ұсынбайды. Ондайда қасындағы әріптесіне:

-Қыз-ау, бір кола сүт пен бір келі ірімшікке үш мың берді, енді мен қанша қайтарам?!-деп, әмияның береді ғой, баяғы.

Әріптестері күле:

-Ірімшігің екі мың, бір кола сүтің 250 теңге, 750 қайтару керек-деп, апаның әмиянынан керекті соманы алушыға қайтарады.

Бұл апа, басқа жерлерде тұрса саудасы қалай өрбитінін қайдам, бірақ қалың қазақ ортасында тұрып жатқандықтан күнделікті саудасы жүріп жатыр, әдеттегідей.

Он бірлер шамасында азын-аулақ тауарын тауысып, күнделікті керекті анау-мынауын жеңіл қол-арбасына салып алып, үйне қайтады.

Сол апа көрінбей кетсе, ауырып қалмады ма екен? –деп, уайымдай бастайсың.
Заманның жақсы, жаман болмағы адамынан. Барлығы, сол заманда тұрып жатқан адамға байланысты.

Осы апа-әженің саудасы мен осы кісінің төңірегіндегі адал сәудегерлерді көре отырып, жұрт жамандайтын заман, айтарлықтай жаман емес те екен, деген ойға келесің. Адамдарды қатайтып тастаған мына заманда бойындағы адамгершілік қасиеттерді жоғалтпаған адамдар көп екен деген тоқтамға келесің. Тек, жан-жағымызға зер сала, анықтап қарай білсек болғаны.

Адамдар-ау, шынымен де, бәрі өзімізге байланысты емес пе?!

Марат Ақмырзаұлы Шөмекей

Тағы да оқыңыз:

Миллионер Қайрат Құдайберген: Елдің жағдайын көзбен көру үшін аптасына бір рет автобуспен жүрем

Шымкент мамандары ауыр хәлде жатқан науқасқа дәрігер жіберуге тағы да тапсырыс берген

Жасөспірім достарының көңілін көтеру үшін қаңғыбасты ұрып өлтірді (видео)

Талқылау