Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақша мәнін жоғалтып, роботтар барлық жұмысты атқарады": Илон Маск алдағы 10 жылдық туралы болжамын айтты

Фото: habr.com

Илон Маск қайтадан болашақ туралы ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, технологиялар алдағы 10-20 жылда қоғамды түбегейлі өзгертеді. Ақша мәнін жоғалтады, роботтар барлық жұмысты атқарады, ал адамдар тек "қалауынша" жұмыс істейді дейді әлемнің ең бай адамы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finance.yahoo.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Вашингтондағы инвестициялық форумда Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск жасанды интеллект пен гуманоидтық роботтар адамзатты кедейліктен құтқаратынын айтты. Оның болжамынша, 10-20 жылдан кейін жұмыс қажет болмайды.

"Жұмыс спортпен немесе видеойындармен ойнау сияқты болады. Көкөністі дүкеннен алуға болады, бірақ кейбіреулер өздері өсіреді – өйткені ұнайды. Жұмыс та сол сияқты болады", – деді Маск.

Ол жасанды интеллект пен робототехниканы "бәріне жеткілікті байлықтың" құралы деп санайды. Маск атап өткендей, Tesla тек бірінші компания ғана, ал болашақта көптеген фирмалар гуманоидтық роботтар шығарады.

Сонымен қатар Маск xAI компаниясының мемлекеттік Humain компаниясымен серіктестігі туралы да хабарлады. Сауд Арабиясында 500 МВт қуаттылықтағы дата-орталық салынады. Бұл xAI-дің АҚШ сыртындағы ең ірі жобасы. Жоба Nvidia компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатыр және Сауд Арабиясының кронпринці Мұхаммед бин Салманның Вашингтонға сапары кезінде жасалған ірі технологиялық келісімдердің бір бөлігі болып отыр. Маск болашақта ақшаның мәнін жоғалтуы мүмкін екенін де айтты.

"Егер жасанды интеллекті мен робототехника дамуын жалғастырса, ақша өзектілігін жоғалтады", – деді Илон Маск.

Ол бұл ойды Иэн Бэнкс жазған Culture әлемінің кітаптарына сүйене отырып айтты. Онда экономика тапшылықтан арылған модельде құрылады. Маск энергияны "жаңа валюта" ретінде ұсынды.

Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг, форумда сөз сөйлеп, қарсы пікір білдірді. Оның ойынша, жасанды интеллект идеяларды жүзеге асыруға уақыт береді, демек жұмыс көлемі одан сайын артады.

Эксперттер мұндай идеялардың XX ғасырдағы футуристік жобаларда да кездескенін еске салды. Бірақ бұл сценарий тек әлеуметтік немесе коммунистік үлгідегі ресурстарды тарату моделімен ғана мүмкін. Ал Маск, алдағы уақытта алғашқы триллионер атануы мүмкін, бұл тақырыптан қашқақтайды.

Форумда сөз алған Сауд Арабиясының кронпринці Мұхаммед бин Салман мен АҚШ президенті Дональд Трамп Масктың идеясына толық қолдау көрсетпеді. Трамп өзін "босс" деп атағанымен, олардың саяси бағыты адамдар жұмыс істемей, ештеңе жасамай ақша алатын қоғам құруды көздемейді.


Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атануы мүмкін: Бірақ мұның салдарынан көпшілігі қорқып отыр


Илон Маск 5 жылдың ішінде смартфондардың жойылатынын болжады


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект 1 млн-нан астам адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін жазған едік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдегендей, Қазақстанда жасанды интеллект 1 миллионнан астам жұмыс орнын алмастыруы ықтимал. Сарапшылар 423 мамандықты зерттеп, олардың 25%-ы, яғни шамамен 2,2 млн орын автоматтандыруға бейім екенін анықтаған. Ең үлкен қауіп – Алматы, Астана және Шымкент қалаларында, онда әр үшінші жұмыс орны автоматтануы мүмкін.

STAN.KZ
Сенбі, 22 Қараша, 2025 16:55
Талқылау