Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақша қайда кетіп жатыр: Астана әкімдігі, "Самұрық-Қазына", "Қазатомөнеркәсіп" пен Ұлттық банкке үлкен тексеру жүргізіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Ол мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жоспарланған тексерулер туралы баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Мәліметтерге сенсек, "Самұрық-Қазына" қоры, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы, Қазақстанның электр желілерін басқару компаниясы (KEGOC), Ұлттық банк және Төтенше жағдайлар министрлігіне тексеру жүргізіледі.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстарының бюджеттерінің тиімді жұмсалып жатқаны анықталмақ. 

Жоғарғы аудиторлық палата төрағасының мәлімдеуінше, 2025 жылы 40-тан астам аудиттік тексеру жоспарланған. Тексерулер ғылым, қорғаныс, құқық тәртібі, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету және орман шаруашылығы салаларын қамтиды.

Кездесу барысында Смайылов президентке 2024 жылғы Жоғарғы аудиторлық палатаның жұмысы туралы есеп беріп, алдағы жоспарларын бөлісті. Оның айтуынша, былтыр 214 нысанда 27 аудиттік тексеру жүргізіліп, 11 триллион теңгені қамтыған қаржылық операциялар қаралған. Осылайша 862 миллиард теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталып, 135 миллиард теңге бюджетке қайтарылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда бес есе көп.



Еске салайық, бұған дейін бюджет тапшылығына қарамастан өткізілетін Астана экономикалық форумына 4,5 миллиард теңге жұмсалатынын жаздық. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл форумның тарихы 2008 жылдан басталады, яғни 17 жыл болды. Ковид кезінде екі жыл өткізілмеді, ал 2024 жылы су тасқынына байланысты өтпей қалды. Бұл – Қазақстанның визиттік картасы. Мұндай форумдар елге қажет, өйткені олар Қазақстанға танымал, беделді, белсенді адамдарды тартады. Әлемнің түкпір-түкпірінен президенттер мен бизнесмендер келеді. Біз Қазақстанды көрсетеміз, инвестиция тартамыз дейді министр.

Талқылау