Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ университеттеріне оқуға түсетін қазақстандық студенттер азайған, оған виза ала алмауы себеп

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

АҚШ-тағы жоғары оқу орындарына түсетін қазақстандық студенттер саны күрт азайған. Жағдайға виза шектеуі себеп.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның сөзінге, кей жағдайда іріктеуден өткен студенттердің үштен біріне виза берілмей жатыр. 

“Жалпы, мұндай үрдіс байқалып отыр. Бұл ең алдымен түсушілер санына емес, визалық шектеулерге байланысты”, – деді ол.


АҚШ 75 елдің азаматтарына виза беруді тоқтатпақ


"Еуропа мен АҚШ-қа виза алып беремін": Астанада 60-тан астам адамды алдап соққан әйел ұсталды


Әсіресе мұндай мәселе “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасы аясында сезіліп жатыр. Байқаудан сәтті өтіп, шетелдік университеттерден шақырту алған кей студенттер де виза ала алмай отыр.

“Шамамен біздің іріктеуден өткен, университеттерден шақырту алған студенттердің 30%-ы визаға өтініш береді. Бірақ бас тарту жағдайлары көп тіркеліп жатыр”, – деді министр.

Министрдің сөзінше, бұл жағдай Қазақстан азаматтарының АҚШ-та білім алу динамикасына тікелей әсер етіп, көрсеткіштің төмендеуіне алып келді.

Неліктен беделді америкалық университеттер тізімнен алынды?

Сонымен қатар министр “Болашақ” бағдарламасы аясындағы тізімнен бірнеше беделді америкалық университеттің не себепті шығарылғанын түсіндірді. Оның сөзінше, беделді дипломдардың артында делдалдық схемалар тұрған.

“Министрліктің шешімімен Бостон университеті, Калифорния университеті, Дейвис және Оңтүстік Калифорния университеті сияқты ірі оқу орындары тізімнен алып тасталды. Соңғы жылдары дәл осы университеттерге қазақстандық студенттердің шамадан тыс көп түсуі күмән тудырған. Тексеру нәтижесінде оқу орындарының жанында делдал компаниялар жұмыс істегені анықталды. Бұл ұйымдар белгілі бір ақыға қазақстандық талапкерлердің оқуға түсуіне көмектескен. Мұндай тәжірибе талапкерлердің шынайы білім деңгейіне күмән келтірген”, – деді министр. 

Министр осыдан кейін америкалық университеттермен келіссөз жүргізіп, мұндай делдал компанияларды жоюды сұрапты. 

“Ашық айттық: бізге тек сан емес, сапа маңызды. Алайда оқу орындары бұл талапқа келіспеді. Соған байланысты оларды тізімнен шығаруға мәжбүр болдық. Бұл университеттердің рейтингі жоғары болғанымен, министрлік мемлекеттік қаржы есебінен “ақшаға оқуға түсу” жүйесін қолдауға ниетті емес”, – деді министр. 

Айта кетейік, “Болашақ” бағдарламасы жыл сайын ұсынылатын жоғары оқу орындарының тізімін жаңартып отырады. Бұл ретте халықаралық рейтингтер (QS, Times Higher Education) және білім беру бағдарламаларының Қазақстанның ұлттық басымдықтарына сәйкестігі ескеріледі.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап бірқатар ел азаматтарына иммиграциялық визалар беруді уақытша тоқтататынын жазған едік. Бұл тізімге Қазақстан да кірген. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 13:33