Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон атышулы Эпштейн ісі бойынша тергеуге шақыртылды

Билл Клинтон - АҚШ-тың бұрынғы президентіФото: Wikimedia commons

АҚШ Өкілдер палатасы қадағалау комитеті қаржыгер Джеффри Эпштейн ісі бойынша АҚШ әділет министрлігінің өкілдерін, бұрынғы бас прокурорларды, сондай-ақ Хиллари мен Билл Клинтонды жауап алуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, бұл шара Конгрестегі республикашылдардың осы іске қатысты ашықтықты күшейтуге шақыруы аясында қолға алынған. Соңғы уақытта президент Дональд Трамп әкімшілігіне (оның одақтастарын қоса алғанда) Эпштейн ісіне қатысты құжаттарды жариялауға қысым күшейіп келеді.

Комитет төрағасы, республикашыл Джеймс Комер барлығы 11 шақырту жіберіп, түрмеде сотты күтіп жүріп өз-өзіне қол жұмсаған қаржыгерге қатысты құжаттар мен ақпараттарды ұсынуды сұраған. Қаржыгер Джеффри Эпштейн жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа тартты деп айыпталған.

Әділет министрлігінен Эпштейн ісіне қатысты барлық материалды, сондай-ақ Джо Байден әкімшілігінің бұрынғы шенеуніктері мен министрлік арасындағы хаттарды Конгреске ұсыну талап етіліп отыр.

2025 жылғы тамыздан қазанның ортасына дейін жабық түрде жауап алу үшін бұрынғы бас прокурорлар Меррик Гарланд, Уильям Барр, Джефф Сешнс, Лоретта Линч, Эрик Холдер және Альберто Гонсалес; бұрынғы федералды тергеу бюросының директоры Джеймс Коми және арнайы прокурор әрі тергеу бюросының экс-директоры Роберт Мюллер; бұрынғы мемлекеттік хатшы әрі АҚШ-тың бірінші ханымы Хиллари Клинтон және оның жары, экс-президент Билл Клинтон шақырылған. Билл Клинтоннан жауап алу 14 қазанға жоспарланған.

Эпштейннің сыбайласы, кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау мақсатында адам саудасымен айналысқаны үшін 20 жылға сотталған Гислейн Максвеллдің адвокаттары оның құқықтық қорғану шаралары қатаң сақталған жағдайда комитет алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.

Оның жауап беруі 11 тамызға жоспарланған, алайда кейін белгісіз мерзімге шегерілген. Өткен аптада Максвеллдің Флорида штатындағы түрмеден қауіпсіздігі төмендеу мекемеге (Техасқа) ауыстырылғаны белгілі болды.

"Конгресс федералды үкіметтің жыныстық қанау мақсатындағы адам саудасымен күрес туралы заңдарды сақтауын, соның ішінде Эпштейн мен Максвеллге қатысты тергеу мен сот ісін қадағалауға тиіс", – делінген Өкілдер палатасының күн тәртібінде.

Сотталған педофил Эпштейннің атышулы ісі жиырма жылдан бері жалғасып келеді. 2000-жылдардың басында Флорида штатының полициясы мен федералды тергеу бюросы ықпалды кәсіпкерге қатысты сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерге барған деген айыппен тергеу жүргізе бастаған.

2005 жылы Эпштейнге кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстар бойынша айып тағылғанымен, ол тергеумен мәмілеге келіп, кінәсін мойындау арқылы ауыр жазадан құтылып кеткен.

Федералды прокурорлар оны 2019 жылы (Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде) кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау және басқа да қылмыстар бойынша қайта айыптады.

Сол жылдың тамызында Эпштейн түрмеде өзіне-өзіне қол жұмсап, көз жұмды, осы жайттан кейін өлімнің мән-жайы көпшіліктің күдігін тудырды.

Бұған дейін АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди билік Эпштейннің "клиенттер тізімі" болғаны туралы айғақ таппағанын мәлімдеді. Осыған дейін ол бұл тізім "үстелімде жатыр" деп мәлімдеген еді.

2025 жылдың шілде айының басында жарияланған меморандумда әділет министрлігі мен федералды тергеу бюросы Эпштейннің "клиенттер тізімі" жоқ екенін ресми түрде растады.

Сондай-ақ Бонди Эпштейннің шынымен өз-өзіне қол жұмсағанын айғақтар растайтынын және үкімет енді ешқандай құжаттарды жарияламайтынын мәлімдеді.

Бұл мәлімдемелер Трампты қолдайтындардың арасында наразылық туғызды. Себебі Трамп сайлауалды науқанында Эпштейн ісіне қатысты барлық материалдарды ашық жариялауға уәде берген еді.

Трамп әкімшілігіне қосымша құжаттарды жариялау талабы аясында әділет министрлігінің өкілдері жақында Гислейн Максвеллмен кездесіп, оның ісі бойынша үлкен қазылар алқасының хаттамаларын жариялауға тырысып жатыр. Бірақ Максвеллдің адвокаттары сейсенбі күні оның хаттамаларды жариялауға қарсы екенін мәлімдеді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 09:58
Талқылау
`