АҚШ-тың әскери ұшағы Ирак аспанында апатқа ұшырады

Иракта АҚШ әскери ұшағының апатқа ұшырауына байланысты елдің батыс бөлігінде құтқару операциясы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Politico басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, оқиғаға екі әскери ұшақ қатысқан. Солардың бірі апатқа ұшыраса, екіншісі сәтті қонған. Ведомствоның айтуынша, апат жау шабуылынан да, өз әскерінің оғынан да болған жоқ. Ресми мәлімдемеде құлаған ұшақ KC-135 әскери жанармай құю ұшағы екені айтылды.
"Оқиға “Epic Rage” операциясы кезінде, достық әуе кеңістігінде болды. Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Оқиғаға екі ұшақ қатысты. Оның бірі Ирактың батысында апатқа ұшырады, ал екіншісі аман-есен қонды. Бұл жағдай жау немесе достық күштердің оғынан болған жоқ", – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығының хабарламасында.
Қаза тапқандар туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ. Алайда Reuters агенттігіне аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік құлаған ұшақта алтыға дейін әскери қызметкер болғанын айтқан.
Ал Иран қолдайтын қарулы топтарды біріктіретін "Ирактағы исламдық қарсылық" ұйымы бұл оқиғаға жауапкершілікті өз мойнына алды. Олар KC-135 ұшағын "елдің егемендігі мен әуе кеңістігін қорғау мақсатында атып түсірдік" деп мәлімдеген.
Айта кетейік, бұл Таяу Шығыстағы соғыс басталғалы бергі төртінші әуе апаты. Бұған дейін қақтығыстың бастапқы кезеңінде Кувейт тарапынан үш америкалық жойғыш ұшақ кездейсоқ атып түсірілген. Сол кезде экипаждың алты мүшесі де катапульт жасап, аман қалған.
Пентагонның дерегінше, соғыс барысында жеті америкалық әскери қызметкер қаза тауып, шамамен 140 адам жараланған.
- Трамп Ресей мұнайына санкцияны алып тастады: Оны кез келген мемлекет сатып ала алады
-
Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран елшісі Қазақстанға қауіп жоқ екенін айтты
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Иранға ядролық соққы жасауы мүмкін екені айтылды. Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейіп, Израиль мен Иран арасындағы қарсыластық соңғы айларда ушыға түсті. Бұған дейін Израиль Иранның әскери және мұнай инфрақұрылымдарына соққы жасағаны туралы ақпарат тараған. Сарапшылар бұл текетірес үлкен соғысқа ұласуы мүмкін екенін айтып отыр. Осы жағдайға байланысты кейбір саясаткерлер мен сарапшылар ядролық қару қолдану қаупі туралы да пікір білдірді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған