АҚШ-тың баж салықтары Қазақстанға қалай әсер етеді — Ұлттық экономика министрі жауап берді
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин АҚШ-тың баж салығы Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Ұлттық экономика министрінің пікірінше, баж салығы елімізге айтарлықтай әсер етпейді.
"Бұл оқиғада біз ақпарат алып қана отырған тараппыз. Әзірге біз ешкімге қарымта баж енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Бізге қарсы енгізілген баждардың көп бөлігі жұмыс істемейді. Өйткені біз ұсынатын тауарлар ерекше тізімде. Қазақстан шикізат тауарлары бойынша Еуропа мен Америка елдері үшін сенімді жеткізуші. Уран, шикі мұнай, күміс, көміртегі деңгейі жоғары феррохром — ерекше тізімдегі тауарлар. Енгізілген баждың ол тауарларға ықпалы жоқ”, – деді Жұманғарин.
Премьер-министрдің орынбасары баж салығы кей тауарларға әсер ететінін мойындады.
"Әсері тауарлардың 5 пайызына ғана, шамамен 100 млн доллардың экспортына ғана әсер етеді. Қарау керек, біз ұсынатын баға жаңа бажға төтеп бере ме, нарық қаншалықты икемді, маржа мөлшерін қаншаға түсіруге тура келеді. Болмаған жағдайда кетіп, басқа нарықтарды іздеуге тура келеді", – деді министр.
Еске салсақ, 3 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп 180-нен астам елге жаңа салық тарифтерін енгізетінін мәлімдеді. Тізімде 34%-дық тарифпен Қытай да бар. 4 сәуірде Қытай АҚШ-тың әрекеттеріне жауап ретінде барлық АҚШ өнімдеріне 34%-дық тариф енгізетінін жариялады. Жаңа тариф 10 сәуірден бастап күшіне енеді.
Ал 7 сәуір күні Трамп Қытай билігі жауап ретінде енгізілетін салық тарифтерінен бас тартпаса, қосымша 50%-дық баж салығын енгізетінін айтып сес көрсеткен еді.