АҚШ-та жүктіліктің екінші айында қайтыс болған әйелдің сәбиі дүниеге келді
Фото: DR/Адриана Смит пен оның тұңғышы
АҚШ-тың Атланта қаласындағы ауруханада миы өлсе де, төрт айға жуық уақыт жасанды желдету аппаратына қосулы күйде жатқан медбике Адриана Смитті дәрігерлер босандырып алды. Бала 820 грамм болып шала туған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің анасы Эйприл Ньюкерктің айтуынша, маусымда ресми түрде 31 жасқа толған Адрианаға жұма күні кесар тілігі жасалған. Ал сейсенбі, 17 маусымнан бастап туыстары бірнеше ай бойы оның өмірін қолдап тұрған аппараттарды өшіруге рұқсат берген.
"Мұны қабылдау өте ауыр. Мен оның анасымын. Мен қызымды жерлемеуім керек еді. Қайта ол мені жерлеуі керек еді", – дейді Эйприл Ньюкерк жергілікті телеарнаға берген сұхбатында.
Эмори университетінің ауруханасындағы дәрігерлер әйелді ұзақ уақыт бойы аппаратқа қосып ұстап келген себебі – ми өлімі тіркелген сәтте ол жүкті болғаны. Жүктілік мерзімі сегіз-тоғыз апта шамасында еді. Ал Джорджия штатының заңдары бойынша, ұрықта жүрек соғысы байқалса (шамамен алтыншы аптада), жүктілікті үзуге тыйым салынады.
Сөйтіп жұма күні дүниеге келген сәбиге Ченс (ағылшынша – "үміт", "мүмкіндік") есімі берілді. Ол дүниеге шамамен үш ай ерте келді. Қазір нәресте жаңа туған балаларға арналған қарқынды терапия бөлімінде жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың Джорджия штатында өліп қалған жүкті әйелді үш айдан бері жасанды желдету аппаратына қосып қойғанын жазған едік. Адриана Смит – дипломы бар медбике және ана. Жүктіліктің тоғызыншы аптасында миында бірнеше тромб анықталып, салдарынан "миы өліп", ауруханаға жатқызылды. Заңда мидың өлуі адамның қайтыс болуымен теңестіріледі.

Тиімді бағада шоппинг, түнгі круиз және ғибадатханалар: Қазақстандықтар Гуанчжоуда қайда саяхаттай алады
