Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та украиналық босқын қыздың өлімі елді дүр сілкіндірді: 14 рет сотталған қылмыскерді босатқан судьялар жауапқа тартылмақ

украиналық босқын қызды вагонда өлтіріп кеттіФото: Charlotte Area Transit System

АҚШ-та украиналық босқын Ирина Заруцкаяның өлімі елді дүр сілкіндірді. Қоғам судьяларды айыптап, 14 рет қылмыс жасаған ер адамның не себепті қайта-қайта бостандыққа шыға бергеніне таңғалды. Трамп бұл мәселеге пікір білдіріп, сот төрағаларының жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен айда Солтүстік Каролина штатының Шарлотт қаласында 23 жастағы Ирина Заруцкая метрода отырған кезде оған артынан ер адам шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққан. Қыз оқиға орнында қаза тапты. Шабуылдың еш себепсіз жасалғаны айтылды.

Қылмысқа күдікті 34 жастағы Декарлос Браун. Ол бірінші дәрежелі кісі өлтіру бойынша айыпталды. Шабуылдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап, блогерлер мен саясаткерлердің де назарын аударды.

Қала мэрі Виола Лайлс бұл жағдайды "соттардың сойқан қатесі" деп атап, айыпталушы бірнеше рет сотталғанына қарамастан, қайта-қайта бостандыққа шығып отырғанын айтты. Ол қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті күшейтуге уәде берді.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Заруцкаяның өліміне қатысты пікір білдіріп, оны "қорқынышты оқиға" деп атады және марқұмның отбасына көңіл айтты. Truth Social желісіндегі жазбасында ол қылмыскердің 14 рет қамауға алынып, әр жолы ешқандай кепілсіз босап шыққанын атап өтті.

"Нашар адамдар бар. Біз оларға қарсы тұра білуіміз керек. Әйтпесе ел болып қала алмаймыз", – деді Трамп.

Ол бұл жағдайды демократтардың әлсіз саясатының салдары деп бағалап, судьяларды жауапқа тарту қажет екенін айтты.

қылмыскер 14 рет сотты болғанФото: Mecklenburg County Sheriff's Office/Family of Iryna Zarutska

Марқұмның отбасына арналған желіде Иринаның 2022 жылы соғыстан қашып, АҚШ-қа келгені, жаңа өмірге тез бейімделгені жазылды. Сондай-ақ оның "қабілетті әрі өнерге ынталы суретші" болғаны, жануарларды жақсы көргені және ең бақытты сәттерін отбасымен бірге өткізгені айтылды.

Солтүстік Каролина губернаторы Джош Стайн қылмыс сәті түсірілген видеоны көріп, "шошығанын" жеткізді. Ол X-тегі парақшасында "адамдардың қауіпсіздігі үшін көшелерде полиция саны көбеюі қажет" деп жазды. Сонымен қатар ол заң шығарушыларды кадр тапшылығын жоюға және қылмыскерлерді жауапқа тартуға шақырды.

Республикашыл саясаткерлер сот жүйесін қатаң сынға алды. Солтүстік Каролина өкілдер палатасының мүшесі Брэнден Джонс Заруцкаяның қазасын "демократ-прокурорлар мен шерифтердің қоғамдық қауіпсіздіктен жоғары қойған прогрессивті саясатының салдары" деп атады.

Ал Флоридадан сайланған конгрессмен Рэнди Файн қауіпті қылмыскерлерді босатқан судьяларды да жауапқа тарту жөнінде заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді.

Мекленберг округінің прокуроры Спенсер Мерривезер Axios-қа берген сұхбатында соттардың психикалық ауруы бар айыпталушыларды жауапқа тартуда қиындықтарға тап болатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай адамдар сот процесіне қатысуға қабілетті деп танылғанға дейін ауруханаларда ұсталады.


Lenovo директорының өліміне күдікті Әзірбайжаннан Қазақстанға экстрадицияланды


Жетісу облысында ер адамды пышақтаған жасөспірім 4 жылға сотталды: Жәбірленуші тарап үкіммен келіспейді


Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та жазықсыз 40 жыл түрмеде отырған Кеннет Клер қылмыс кезінде үйде болған жоқ және ешқандай айғақ оған тиесілі емес екені анықталды. Құқық қорғаушылар ДНҚ зерттеулері Клерді кінәсіз деп көрсетті, ал жаңа ДНҚ-профильдер басқа екі адамға тиесілі болуы мүмкін екенін көрсетті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 15:16
Талқылау