Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та тұрғын балалар психикасына зиян келтірді деп Instagram мен YouTube-ты сотқа берді

Фото: pixabay.com

Калифорнияда америкалық қыз  мен YouTube-ты сотқа берді. Ол бұл желілер алгоритмдер арқылы балаларды әдейі тәуелді етеді деп айыптап отыр. Қыздың айтуынша, осының салдарынан оның психикасына зиян келіп, депрессия мен тамақтануы бұзылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта талапкердің адвокаты Марк Лэньер бұл компаниялар "балалардың миында тәуелділік қалыптастыратын арнайы жүйе жасаған" деп мәлімдеді. Қыздың толық аты-жөні жарияланбады. Себебі оқиға болған кезде ол кәмелетке толмаған еді. Қазір ол 20 жаста. 

Бастапқыда қыз Snapchat пен TikTok-қа да шағым түсірген. Бірақ олар қаңтардың екінші жартысында сотқа дейін келісімге келген. Ал Instagram-ның иесі Meta және YouTube-тың иесі Google компанияларының адвокаттары қыздың мәселелері әлеуметтік желіден емес, отбасындағы қиын жағдайдан туындағанын дәлелдеуге тырысуда. 

Бұған дейін әлеуметтік желі компаниялары 1996 жылғы заңға сүйеніп, платформаларда жарияланған үшінші тұлғалардың контенті үшін жауап бермейміз деп келген. Алайда бұл іс контент туралы емес, желілердің интерфейсі, алгоритмдері, хабарландырулары сияқты адамдарды ұзақ қолдануға итермелейтін ішкі жүйелері туралы болып отыр.

Сондықтан Лос-Анджелестегі бұл соттың шешімі бүкіл АҚШ бойынша қаралып жатқан мыңдаған ұқсас істерге әсер етуі мүмкін.

Жақында 29 штаттың бас прокурорлары Meta компаниясына қарсы федералдық сотқа жүгініп, шұғыл шара қолдануды сұрады. Олар 13 жасқа дейінгі балалардың Instagram мен Facebook-тағы аккаунттарын жоюды, олар туралы жиналған барлық ақпаратты өшіруді және осы деректерді пайдаланатын алгоритмдер мен жасанды интеллект элементтерін тоқтатуды талап етті.

Тағы бір іс бойынша 18 штаттың прокурорлары Meta-дан жасөспірімдерге сабақ кезінде және түнде желіге кіруге шектеу қоюды сұрады. Сондай-ақ олар тәуелділік тудырады деп саналатын шексіз лентаны төмен қарай айналдыру мүмкіндігін, видеолардың автоматты қосылуын және сырт келбетті "жақсартатын" фильтрлерді өшіруді талап етуде.

Сотта адвокат Марк Лэньер алқабилерге A, B, C әріптері жазылған балалар кубиктерін көрсетті. Ол бұл әріптер "тәуелділік", "ми" және "балалар" деген сөздерді білдіретінін айтты. Оның сөзінше, бұл іс тарихтағы ең бай екі корпорацияның балалар миында тәуелділік қалыптастырғаны туралы.



Лэньер 2015 жылғы Марк Цукербергтің хаттарын да көрсетті. Онда Цукерберг қызметкерлерінен компанияның қаржылық жоспарын орындау үшін қолданушылардың желіде өткізетін уақытын 12%-ға арттыруды талап еткен. Сондай-ақ адвокат YouTube-ты жарнама табысын көбейту үшін жас пайдаланушыларды әдейі тартты деп айыптады.

Ал Meta компаниясының адвокаты Пол Шмидт алқабилерді қыздың мәселелер Instagram-нан емес, отбасындағы ауыр жағдайдан шыққанын қарастыруға шақырды. Оның айтуынша, қыздың ата-анасы оған жеткілікті көңіл бөлмеген. Кейде қорлап, кемсіткен. Құжаттарда отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері тіркелген. Ал қыз үш жасынан бастап психотерапевт көмегіне жүгінген.

Сот шамамен бір жарым айға созылады деп болжануда. Бұл уақытта сарапшылар, әлеуметтік желілерді балалар өліміне кінәлайтын ата-аналар, Марк Цукерберг, Instagram басшысы Адам Моссери, YouTube жетекшісі Нил Мохан және компаниядан кетіп, балаларға әлеуметтік желілердің зияны туралы дабыл қаққан бұрынғы қызметкерлер куәлік береді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 10:14