Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ қыздарының сұлулығы жайлы елге келмей тұрып өзге ұлттардан естідім": АҚШ-та тұратын қазақ Қазақстанға алғаш рет келгендегі әсерімен бөлісті

Өмір, жұмыс, кәсіп, табыс, отбасы, оқу – отандастарымыз шетелде қалай өмір сүріп жатыр? АҚШ-та сегіз жыл тұрған, Қазақстанға алғаш рет келген қазақ жігітімен шынайы сұхбат. Думан Ерқанат – қаржылық сауаттылық пен табысты арттырудың қадамдарын қазақстандықтарға үйретіп жүрген азамат. АҚШ-қа туып-өскен жері Моңғолиядан көшкен. Уолл-стрит беделді биржалық қорда трейдинг компаниясынан дәріс алған отандасымыз биржа нарығындағы табыс түрлерін қазақ азаматтарына үйретіп жүр. Тарихи отаны Қазақстанға алғаш рет қадам басқан жерлесіміз қазақ жеріне келгендегі әсері мен өзін не таңғалдырғаны жайлы айтып берді.

 

 

Бұл сәт мен үшін ерекше болды

Көп уақыттан бері қазақ жеріне келгім келіп жүрген. Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Қазақтың жері болғандықтан қандай болады деп көп елестеттім. Америкада оқу, жұмыс деп келуге мүмкіндік болмады. Бірақ осы сәт туды.

Қазақтың жері деген сезім білінеді. Көшеге шыққандағы жазулардан бастап. Үш тілдегі жазудың ішінде қазақ тілі бірінші тұрады. Барлық жерде жазудың қазақша болғанын өмірімде көрмегенмін. Көңіліме жылы қабылдадым. Табиғат керемет екен, таудың әсемдігі бөлек.

Одан басқа таңғалдырған тұстары көп. Қазақстанға келгенде әуежайдан түскенде бір кісінің иті иіскелеп қатты терлеп, қобалжып қалдым. Себебі бала кезде иттен қорқып қалғаным бар. Бәрі осылай басталды. Қазіргі көңіл күйім тамаша.  

Адамдардың көп бөлігі орысша сөйлетіні таңғалдырды. Негізі біраз таныстарымның көбі Қазақстанда орыс тілі жайлы айтқан, ойлағанымдай болды. Студенттерімнің көбі осы жайлы айтатын. Орысшамның деңгейі керемет дей алмаймын, бірақ жақсы түсінемін, кейде күрделі сөздерді түсінбей қаламын. 

Жақсы жақтарын, табиғатын көргенде мақтаныш бар. Алматылықтарға: "Сіздер бақыттысыздар, табиғаттарыңыз керемет, таулары ғажап" деп айтып жатырмын. Өзім тұратын Колорадо штаты таулы жерде орналасқан, онда да таулар биік. Алатаудың тауларымен ұқсас, бірақ оның стилі басқаша. Ал Алатаудың көркі өзгеше: жақын орналасқан, үстінде қары бар, жасыл, өте керемет. Алматының тауына шығып та үлгердім. Шымбұлақ, Медеуге бардым. 

 

Моңғолия халқының қыспақшылығын көрмедік, олар кең қолтық халық

Моңғолияның Баян Өлке деген қаласында туып өстім. Қазақтардың тұратын жері деп айтсақ та болады. Моңғолияда қазақтар бір жерге орналасып, тұрақтап қалған, мүмкін бізде қазақ тілінің жақсы сақталғанына осы әсер ететін шығар. Моңғолдардың ортасында тұрған достарым бар, олардың қазақшалары әлсіз, сондықтан қазақ тілін қалай сақтап қалғанымызды түсіндіру қиын. Бірақ біз отбасымызда 100 пайыз қазақша сөйлесеміз. Моңғолия халқының қыспақшылығын көрмедік, олар кең қолтық халық, бізге еркіндікте өмір сүруге мүмкіндік болды. 

Ол жақта көпшілігінде қазақ тілі жақсы сақталған. Ондағы өмірдің осы жақтағымен қатты айырмашылығы жоқ. Ол жақта да қызу өмір. Әрине, мұнда қазақ елі, жері деген сезім бар. Анам, кіші бауырым екеуі Алматыда тұрады. Анама Қазақстан қаттырақ ұнайды. Сондықтан оларды Америкаға көшіру ойда жоқ.


"Қазақ тілін ғана білдім, дүкенге барып нан алу маған қиын болатын": АҚШ-қа көшіп, табысты кәсіп бастаған қазақ жігіті өз оқиғасын айтты 


Шетелден екенім қатты білініп тұрады

Жалпы таңғалдырған жақсы жақтары көп. Әрине, Қазақстанда мәдениет орташа деңгейде деп айтуға болады. Мойындауымыз керек, себебі сын айтпаса, ештеңе өзгермейді. 

Осында келгелі таксимен жүрмін. Бізде Америкада көлікте қауіпсіздік белдігі жоқ. Кейбір жағдайда тақпай қоюға болады. Ол жақта көлік айдау мәдениеті басқаша. Адамдар арасында агрессивтілік жоқ, кептеліс жоқ. Нью-Йорк қаласында болдым, көптеген ірі қалаларда болдым. Оларда заң қаталдау, сондықтан болар көлік тізгіндеудегі мәдениетке әсер ететін болар. 

Сауда орталықтары, дүкендерге барған кезде қазақша сөйлесем, басқаша көзқарас, қарым-қатынас сезіледі екен. Өзімнің шетелден екенім қатты білініп тұрады.

 

 

Америкаға баруым –  өмірімдегі ең үлкен дұрыс шешім

Америкаға білім қуып бардым деп айтуға болады. MBA ( Бизнес әкімшілігін ұйымдастыру магистрі) дәрежесін оқыдым. Үлкен ағам ол жақта отбасымен бірге тұрады. Сол кісі көшуіме себепкер болды, екінші жағынан білім алғым келді. Сонымен тұрақтап қалдым. Соңғы сегіз жыл Америкада тұрып жатырмын. Америкаға баруым – өмірімдегі ең үлкен дұрыс шешім болды деп айта аламын. 

Өйткені менің көзқарасымның барлығын 100 пайызға өзгертті. Білім алып, тілді меңгеріп, әлемде не болып жатқанын білу үшін бардым. Білім алып, дипломымды алдым, мақсаттарымды орындадым, онда оқу қымбат. 

Кинодағы Америка мен шынайы Америка екі түрлі. Біздегі АҚШ жайлы ұғым теріс. Мұнда Америка сені тәрбиелейді, ел жалқау адамдарға арналмаған. Онда қандай жалқау адам болса да, жұмыс істеп кетеді.  "Қазағым, бауырым" деген нәрсе жоқ. 

Кішкентайымнан пысықтау болып өстім. Ағаммен кәсіп бастап, жұмыс істеп жүрдік. Көзқарасым өзгерді, мәдениет қалыптасты. 

Қазір негізгі кәсібім биржа нарығы – заманауи салалардың бірі. Америкада бұл – қалыпты дүние. Мықты адамдардың көбі сонымен айналысады. Себебі бұл Американың экономикасына тікелей байланысты. Қазір осы білімді қазақ бауыр, қарындастарыма үйретіп жүрмін. Мұның өзі Америка берген мүмкіндік. 

 

 

Қазақстанда тағам екі есе арзан

Қазақ болғаннан соң бешбармақты үнемі жейміз. Моңғолияда да етті жиі жеп жүрдік. АҚШ-та Наурызда, Жаңа жылда ет асып тұрамыз. Америкада көп ірі қалаларда болдым, қазаққа ұқсас тағамдар бар. Дәл қазақ мейрамханасында болдым деп айта алмаймын, алайда қырғыз мейрамханасында ТМД елдерінің асханасынан дәм таттым. 

Қазақстанға келгелі біраз тағамдардың дәмін татып үлгердім. Қуырдақ, ет, сондай-ақ лағман, қазақтың тағамы болмаса да, осында танымал тамақ екен. Анамның тамағын да сағынып қалыппын. 

Қазақстанда тағам жобамен екі есе арзан. Мәселен, кофенің бағасы екі есе арзандау, таксидің бағасы салыстырмалы түрде төмен екенін байқадым. Жалпы өмір сүру қымбат емес, еңбектенген адамға Алматы мүмкіндікке толы қала. 


 Ауылдан шыққан қарапайым жігіт Голливудқа қалай жеткенін айтты


Қазақстанға келудегі мақсатым – арманымды орындау

Қазақстанға келудегі мақсат – іштегі арман еді. Ел ортасында өмір қандай екенін көру, сезіну болды. Екіншіден, жұмысыма байланысты келдім. Менің компаниям Америкада ашылған. Осы жерден де Қазақстанға пайдамды әкелу үшін компания ашқым келді, оны үлкейтіп, Қазақстанға салығын төлегім келеді.  Бұл сала қазақстандықтар арасында қаншалықты сұранысқа ие болады, соны білгім келді. 

 

Негізгі табысым биржа нарығында

Кейбір адамдардың, мәселен, Америкаға бару туралы үш ұйықтаса түсіне кірмейді, себебі олар өзін шектеп тастаған. Американы аспандағы ай сияқты, биржа нарығын кинодағыдай елестетеді. 

Негізгі табысым биржа нарығында. Әлемнің беділді Apple, Tesla, Amazon сияқты компанияларының акцияларын алып-сату.  Негізі 100 пайыз табыс осы. Биржа нарығында тұрақты деңгейге жету үшін көп еңбектенесіз. Осы тұрақтылық, аз уақыт жұмсап, кіріс кіргізетін мүмкіндік береді. 

Өзім ашық, адамдармен сөйлескенді ұнататын адаммын. Ал биржамен айналысу мені осы мүмкіндіктен шектеді. Сондықтан мен адамдарға да осы биржада сауда жасауды үйретемін деп шештім, бұл да менің кірісімнің бір бөлігі. Маған адамдармен қарым-қатынас ләззат әкеледі. 

Биржа нарығында табысты күндер, мәселен, күніне мың долларға дейін табатын уақыт болады. Ақша таппайтын, трейд жасамайтын күндер де бар. Мұны кейбірі тез байып кететін жол деп қабылдайды. Жағдай әртүрлі болады, соны адамдар түсіну керек. 

 

Қазақ қыздарының сұлу екенін шетелдіктерден еститінмін

Отбасым қазақи деп айта аламын, қазақшам да жақсы деп есептеймін. Анам қазақ қызына үйленгенімді қалайды. Ағамның әйелі қазақ, өзім де қазақ адам қазақпен үйленгені дұрысырақ деп ойлаймын. Өзімнің жеке ойым бойынша солай. Алайда ұлтаралық некеге қарсы емеспін. Барлық ұлт бірдей. Тек бір ұлттың, мәдениеттің адамдарына бір-бірін түсінісіп кетуі оңайырақ болады деп есептеймін. Салт-дәстүіріміз сақталған халықпыз, сондықтан ерекшелігіміз бар. Екі адамның үйленіп қосылуы командалық жұмыс сияқты. Екі адам бір-бірін қолдауы оңай емес. Бірдей екі адамның қосылуы да оңай емес. Үнемі бірге болғаннан да проблемалар туындап отырады. Оны көріп те жүрмін. Қазақ қазаққа үйленсе, оңайырақ, жақсырақ болады деп ойлаймын. Жалпы қарсы емеспін. Ол әр адамның өз шешімі, өз өмірі. 

Қазақ қыздары өте әдемі, сұлу. Қазақстанға келмей тұрып та, тек қазақтардан емес, өзге ұлттардан осы жайлы естідім. Америкада неше түрлі ұлт өкілдері тұрады. Олардың көбі Қазақстан жайлы жақсы пікірде. Мұның рас екеніне елге келіп, көзім жетіп отыр. Генетикалық тұрғыда сапалы дегенді білдіретін шығар деп те ойлаймын. Қазақстан өте қатты ұнап жатыр, Алматының адамдары өте бауырмал. Бірі домбыра ұсынып, енді бірі мейрамханасына шақырып күтіп жатыр. 

 

Талқылау
Пікір
Qazaq
07 Там, 21 жыл - 03:23

Думан бауырым! Кош келдин! Озиндей азамат жигиттер керек елимизге! Интервьюды корип, кадимги байып калдык! Аман бол, Бауырым!