Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та дүлей дауылдың құрбаны бола жаздаған отандастарымыз қалай аман қалғандарын айтты

«Харви» дауылынан зардап шегіп жатқан АҚШ-тың Техас штатында жүздеген Қазақстан азаматы жүр. Үш күннен бері дүлей жел мен тасқын судан мұнда төтенше жағдай жарияланған, деп хабарлайды КТК.

20161101124824

Дүкендердің бәрі жабылып, көлік қозғалысы тоқтады. Соңғы 12 жылда болмаған табиғат апатының кесірі 7 миллион адамға тиіпті. Үш адам қаза тапқан.

Техастың талқанын шығарған «Харви» дауылының қарқыны қатты. Желдің жылдамдығы сағатына 215 шақырымға дейін жеткен. Электр сымдары үзіліп, үш жүз мыңнан астам адам жарықсыз отыр. Аймаққа екі күнде айлық жауын-шашын түскен. Салдарынан судың деңгейі көтеріліп, көлік қозғалысы тоқтады. Техастың 50 елді мекенінде төтенше жағдай жарияланды. Тура осы қауіпті аймақта біздің отандастарымыз да көп.

“Далаға қараудың өзі қорқынышты. Жел мен жаңбыр. Бәрі құлап жатыр. Бағдаршамдар жұмыс істемейді. Дүкендердің көбі жабық. Ішінде ауыз су жоқ. Азық-түлік те қалмаған. Мен Хьюстандағы колледжде оқимын. Сабағымыз осы айдың 28-інде басталуы керек еді, 4 қыркүйекке ауыстырылды”, – дейді қазақстандық студент Мәлика Дәуітбаева.

Табиғат тосын мінез танытқан Техас штатында әлі жүздеген Қазақстан азаматы бар. Дегенмен, зардап шеккендер арасында қазақтар жоқ деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігіндегілер.

“Техастағы дүлей дауылға байланысты біздің дипломаттар жергілікті қазақ диаспорасымен тығыз байланыста. Вашингтондағы консулдықтың телефон нөмірін де тараттық. Көмек қажет азамат сол бойынша да хабарласа алады. Әзірге зардап шеккендер арасында қазақтар жоқ. Дегенмен, жүздеген отандасымыз сол ауданда жүруі мүмкін”, – дейді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.

Жалпы, дауылдан зардап шеккендердің саны 7 миллион адамға жуықтаған. 3 тұрғын қаза тапты. Бұл АҚШ-та соңғы 12 жылда болған ең үлкен табиғат апаты екен. Шығын көлемі 40 миллиард долларға жетеді дейді мамандар. Сомма бұдан да артуы мүмкін. Себебі «Харвидің» беті қайтатын емес. Метеорологтар дүлей дауылдың екінші толқыны бұдан да орасан шығын әкеледі деп болжап отыр.

Тағы да оқыңыз:

Жұмыс уақытында мешітке барған мемлекеттік қызметкерлерге жаза қолданылуы мүмкін

Дін министрлігі: Елімізде қысқа балақ пен ұзын сақалға тыйым салынбайды

Банкрот: Зейнетақы қоры миллиардттап қаржы құйған шетел компаниялары шетінен жабылып жатыр

Талқылау