АҚШ-та апатқа ұшыраған ұшақта бұрынғы мәнерлеп сырғанаушы Шишкова мен Наумов болған
АҚШ-та апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында мәнерлеп сырғанаудан жұптық 1994 жылғы әлем чемпиондары Евгения Шишкова мен Вадим Наумов болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Match TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Gettyimages.ru
Бұған дейін спорт агенті Ари Закарян бұл рейсте ресейлік мәнерлеп сырғанау спортының өкілдері болғанын айтқан.
"Апатқа ұшыраған ұшақта өзіміздің адамдар болды. Атын атағым келмейді, бірақ біздікілер сонда болғаны рас. Жақында бәріңіз көресіздер. Қазір ол туралы айтатын уақыт емес. Ол жерде жақсы таныстар болды", – деді ол.
Шишкова мен Наумов жұп болып КСРО-дан, одан кейін Ресей үшін жарысқа шыққан. Олар 1994 жылы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Соңғы жылдары олар АҚШ-та жаттықтырушы болып жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының жанында ұшақ тікұшақпен соқтығысып өзенге құлаған еді. Деректерге сай, апат болған ұшаққа 66 жолаушы мінген.
АҚШ президенті Дональд Трамп American Airlines әуе компаниясының Bombardier CRJ700 жолаушылар ұшағы мен әскери тікұшақтың Вашингтонда соқтығысуын "үлкен қайғылы оқиға" деп атап, апаттан ешкім аман қалмағанын мәлімдеген.