АҚШ, Ресей және Украина делегациясы келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясына барды
Жексенбі күні 16 ақпанда АҚШ делегациясы Ресей өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясына барды. Келіссөздің нәтижелі аяқталуына үміт бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото:Рexels.com
АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы өкілі Стив Уиткофф Fox News арнасына берген сұхбатында ұлттық қауіпсіздік кеңесшісімен бірге Сауд Арабиясына аттанатынын айтты.
“Біз президенттің тапсырмасымен кездесулер өткіземіз. Ресей мен Украинаға қатысты алға ілгерілеу болады деген үміттеміз”, – деді Стив Уиткофф.
Ол Зеленскийдің “Украина келіссөзге қатыспайды” деген сөзімен келіспейтінін жеткізді.
“Украинаны келіссөздің бір бөлігі деп санаймын. Трамп Зеленскийге хабарласты”, – деп еске салды АҚШ өкілі.
Жексенбі күні 16 ақпанда Украинаның Экономика министрі Юлия Свириденко Facebook-те Украина үкіметтік делегациясы Сауд Арабиясындағы жұмысын бастағанын мәлімдеді. Олар Владимир Зеленскийдің корольдікке сапарына дайындалып жатыр.
“Украина делегациясының Сауд Арабиясына жұмыс сапарын жүзге жуық жергілікті кәсіпкерлермен кездесуден бастадық. Келесі күні біз Владимир Зеленскийдің Сауд Арабиясына сапарын дайындау үшін ондаған кездесулер өткіземіз”, – делінген жазбада.
Оның айтуынша, украиналық делегация энергетика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы бастамаларды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды талқылады.
14 ақпанда Зеленский алдағы күндері Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына және Түркияға баратынын мәлімдеді. 16 ақпанда Украина президенті мен оның әйелі Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.
"Коммерсантъ" газетінің хабарлауынша, Ресей мен АҚШ арасындағы Украина бойынша келіссөздер сейсенбі, ақпанның 18-і күні Эр-Риядта өтеді. Американың атынан Мемлекеттік департамент басшысы Марк Рубио, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткоффтың қатысады.
Алайда Зеленский мен оның кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Сауд Арабиясындағы Украинаға қатысты келіссөзге қатыспайды.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен жарты сағаттай сөйлесіп, кейін Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалды. Ресей президентімен әңгімеден кейін Трамп екі тарап шұғыл түрде келіссөз жүргізетінін айтты. Сөйтіп Америка мен ресейлік шенеуніктер Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерді бастау үшін Сауд Арабиясында кездесетін болып шешті.