АҚШ Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің қорытындысын жариялады
Ақ үй Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерден кейін мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ©depositphotos
АҚШ пен Ресей Қара теңізде қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз етіп, күш қолданбау туралы келісімге келді. АҚШ пен Украина да осыған ұқсас келісім жасасты. Сонымен қатар АҚШ пен Украина Қара теңізде коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдаланудың алдын алу жөнінде уағдаласты.
Сондай-ақ АҚШ Ресейдің ауыл шаруашылық өнімдері мен тыңайтқыштарын әлемдік нарыққа экспорттауды қалпына келтіруге көмектесуге уәде берді. Бұдан бөлек, АҚШ Ресей мен Украинаның энергетикалық нысандарына шабуылдардың алдын алу шараларын әзірлеп жатыр. Бұл ұсынысты Ресей де, Украина да қолдады.
АҚШ пен Украина әскери тұтқындармен алмасуға, азаматтық тұлғаларды босатып, күштеп көшірілген украиналық балаларды қайтаруды жалғастыруға келісті.
АҚШ пен Украина энергетикалық және теңіз келісімдерін іске асыру үшін үшінші елдердің делдалдығын құптайды.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Украина делегациясы Сауд Арабиясында келіссөз жүргізген еді.