АҚШ Венесуэланың Ресей қарамағындағы мұнай танкерін басып алды
Фото:The vessel tanker Bella 1 at Singapore Strait, picture taken from social media on March 18, 2025. Hakon Rimmereid/via REUTERS
АҚШ Венесуэламен байланысы бар Ресей қарамағындағы мұнай танкерін басып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ Еуропалық қолбасшылығының хабарлауынша, кеме Солтүстік Атлантикада, Исландияның оңтүстігінде ұсталған. Танкер АҚШ-тың федералдық соты берген ордер негізінде санкцияларды бұзғаны үшін тоқтатылған.
Кеме бастапқыда Bella-1 деп аталған және 2024 жылы АҚШ санкциялар тізіміне енгізілген. Өткен айда АҚШ жағалау күзеті бұл кемені алғаш рет тоқтатуға тырысқанымен, бортқа көтеріле алмаған. Осыдан кейін танкер атауын "Маринера" деп өзгертіп, Ресей туы астында тіркелген.
Reuters агенттігіне АҚШ-тың екі ресми өкілі хабарлағандай, Ресей туы астындағы танкер шамамен екі апта бойы қуғындалған.
Ресейдің Көлік министрлігі танкерді басып алу фактісіне қатысты мәлімдеме жасады.
“Маринера” кемесі 24 желтоқсанда Ресей Федерациясының мемлекеттік туы астында жүзуге уақытша рұқсат алды. АҚШ әскери қызметкерлері ашық теңізде “Маринера” кемесіне мінді, бұл 1982 жылғы БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясының нормаларына қайшы”, – делінген РФ Көлік министрлігінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ министрлік танкермен байланыс толық үзілгенін хабарлады.
Reuters дерегінше, бұл қадам АҚШ пен Мәскеу арасындағы текетіресті ушықтыруы мүмкін. Бұған дейін Ресей АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттерін айыптаған еді.
Ресми тұлғалардың айтуынша, АҚШ жағалау күзеті Венесуэламен байланысты тағы бір толық жүктелген "София" танкерін Оңтүстік Американың солтүстік-шығыс жағалауында ұстап алған.
2025 жылғы желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға кірмек болған немесе одан шықпақ болған санкция салынған мұнай танкерлеріне қатысты "толық теңіз блокадасын" жариялаған еді. Бұл қадам сол кездегі Венесуэла президенті Николас Мадуроның режиміне қысым көрсету тәсілі ретінде түсіндірілген. Бүгін АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет санкцияға іліккен танкерлерге қарсы теңіз блокадасы әлі де күшінде екенін мәлімдеді.
- Қытай АҚШ-тан Венесуэла президенті Мадуро мен оның жұбайын дереу босатуды талап етті
-
"Кінәсізбін, адал адаммын": Венесуэла президенті сот алдында жауап берді
Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға есірткі саудасына, терроризммен байланысқа және қару-жараққа қатысты ауыр айыптар таққан. Нью-Йорктегі сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзін әлі де Венесуэланың заңды президенті деп мәлімдеді. Ал Каракас бұл әрекеттерді мемлекеттік егемендікті бұзу деп бағалап, халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың әрекетіне баға беруге шақырып отыр.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді