АҚШ президенті Трамп Джон Кеннедидің өліміне қатысты құпия құжаттарды ашты
19 наурызда АҚШ Ұлттық мұрағаты президент Джон Кеннеди, оның саясаткер ағасы Роберт және құқық қорғаушы Мартин Лютер Кингтің өлтірілуіне қатысты құпия құжаттарды жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: rg.ru
Аталған құпия құжат президент Дональд Трамптың бұйрығымен жұртшылыққа жария болмақ.
"Президент Дональд Трамптың 2025 жылы 17 наурыздағы бұйрығына сәйкес, Джон Кеннедиге жасалған қастандық топтамасының бөлігі саналатын, бұрын құпия болған барлық ақпарат жұртшылыққа жарияланады", – делінген мұрағат сайтында.
АҚШ үкіметі 2017 жылға қарай Кеннедиге жасалған қастандық туралы деректерді толығымен ашуға міндетті болды. Бірақ президент Дональд Трамп пен Джо Байден барлау қызметіне ақпаратты жариялау АҚШ мүдделері мен халықаралық қатынастарға зиян тигізуі мүмкін екенін айтты.
Сол кезде жарияланған аздаған құжаттар сенсация тудырмады. Екінші мәрте президенттікке келген Трамп құжаттарды қайтадан жариялайтынын мәлімдеп, бұйрық шығарды. Кейінірек деректер 18 наурызда жарияланатыны хабарланды. Трамптың айтуынша, өңделмейтін "80 мыңдай бет" жұртшылыққа жариялануы керек.
Еске салайық, Кеннеди 1963 жылы 22 қарашада Далласта атылды. Сол кезде ресми комиссия 1964 жылы Джон Кеннедидің өлтірілуіне теңіз жаяу әскері Ли Харви Освальдты кінәлі деп тапты. Сондай-ақ Кеннедиді өлтіруде оның жалғыз әрекет еткенін мәлімдеді. Дегенмен Кеннедидің өлтірілуі Америка қоғамында әлі де пікірталас тудырып келеді.
Джон Кеннедидің ағасы Роберт Фрэнсис АҚШ-тың бас прокуроры қызметін атқарған. Ол 1968 жылы 5 маусымда Лос-Анджелесте қаза тапты. Сол кезде Демократиялық партияның президенттік сайлауына түскен ол жеңіске жетуі мүмкін еді. Оны палестиналық иммигрант атқан.
Азаматтық құқықтардың жетекшісі Мартин Лютер Кинг 1968 жылы 4 сәуірде Мемфис қаласында (Теннесси штаты) ақ сегрегацияшы тарапынан өлтірілді. Ол ереуілге шыққан қызметкерлерді қолдауға келген кезде қаза тапты.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп ағайынды Кеннеди мен Мартин Лютер Кингті өлтіруге қатысты барлық құжаттарды ашуға бұйрық берген еді.