АҚШ өкілі Қытайдың жерасты ядролық сынағы Қазақстанда "жер сілкінісін тудырғанына" сенімді

АҚШ Мемлекеттік департаментінің көмекші хатшысы Кристофер Йеоу (Christopher Yeaw) 2020 жылғы 22 маусымда Қазақстан аумағында тіркелген жер сілкінісі Қытайдың жерасты ядролық қару сынағының әсерінен болуы әбден ықтимал деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
18 ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаментінің көмекші хатшысы Кристофер Йеоудың Вашингтондағы Hudson Institute алаңындағы іс-шарада сөйлеген сөзінде 2020 жылғы 22 маусымда Қазақстанда тіркелген сейсмикалық белсенділік табиғи жер сілкінісінен емес, Қытайдың жерасты ядролық қару сынағынан туындағанын айтты.
Йеоудың айтуынша, Қазақстанда тіркелген магнитудасы 2,75 балдық дүмпу – Қытайдың Лобнор (Lop Nur) сынақ полигонынан шамамен 750 шақырым (466 миль) қашықтықта – жерасты жарылысының салдары екеніне” еш күмәні жоқ”.
“Бұл жер сілкінісіне мүлде сәйкес келмейді. Бұл – ядролық сынақтан күтуге болатын құбылыс”, – деді Йеоу.
Кристофер Йеоу – бұрынғы барлау талдаушысы әрі ядролық инженерия бойынша докторлық дәрежесі бар маман.
Сондай-ақ ол Бейжің жарылысты жасыру үшін құрылғыны жер астындағы үлкен қуыс ішінде іске қосуға тырысқан болуы мүмкін екенін айтты. Мұндай әдіс сейсмикалық соққы толқындарын бәсеңдетіп, анықтауды қиындатуға бағытталған.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Йеоудың бұл мәлімдемесін растайтын жеткілікті дәлел жоқ екенін айтты. Ұйым толыққанды құрылған жағдайда және бірнеше елдің ратификациясынан кейін ядролық жарылыстарға жаһандық тыйым күшіне енсе, сол тыйымның сақталуын бақылауға тиіс.
Ал Қытайдың Вашингтондағы елшілігі Йеоудың айыптауларын “мүлде негізсіз” деп атап, АҚШ-ты өз ядролық сынақтарын қайта бастауға “сылтау ойлап табуға” тырысып отыр деп айыптады.
“Бұл – ядролық үстемдікке қол жеткізуге және өз ядролық қарусыздану міндеттемелерінен жалтаруға бағытталған саяси манипуляция. Қытай АҚШ-ты ядролық сынақтан бас тарту жөніндегі міндеттемесін қайта растауға, ядролық сынақтарға қарсы жаһандық консенсусты қолдауға және халықаралық ядролық қарусыздану мен таратпау режимін қорғау үшін нақты қадамдар жасауға қатаң шақырады”, – деді Қытай елшілігінің өкілі Лю Пэнъюйдің (Liu Pengyu) электрон хат арқылы жолдаған мәлімдемесінде.
Бұл дау АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңді Вашингтон және Мәскеумен бірге New START келісімін алмастыратын жаңа келіссөздерге қосылуға шақырып жатқан тұста туындап отыр. АҚШ пен Ресейдің стратегиялық ядролық арсеналдарын шектейтін екіжақты New START келісімі 5 ақпанда мерзімі аяқталған. Келісімнің тоқтауы әлем ядролық қару бәсекесінің жаңа кезеңіне өтуі мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті.
Айта кетейік, күні кеше Алматы облысында 3 балдық жер сілкінісі болған еді.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген