Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ құпия қызметінің басшысы Трампқа қастандық жасалғаны үшін отставкаға кетті

АҚШ құпия қызметінің басшысы Кимберли Читл 13 шілдеде бұрынғы президент Дональд Трампқа жасалған қастандыққа байланысты отставкаға кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: AP

Пенсильвания штатының Батлер қаласында өткен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде 20 жастағы Томас Крукс жиналған топқа оқ атты. Салдарынан бір адам мерт болып, Трампты қосқанда үш адам жарақат алды. Сол сәтте күзеттегі снайпер Круксты атып өлтірді.

Құпия қызметтің басшысы Читл Конгрессмендер палатасының комитетінде 6 сағат бойы куәлік беріп, сұрақтарға жауап берді. Ол Трампқа жасалған қастандық соңғы онжылдықтағы "ең үлкен сәтсіздік" екенін мойындады және жауапкершілікті өз мойнына алды.

Екі негізгі партияның конгресмендері Читлге өз еркімен қызметінен кетуге кеңес берді. Осылайша Кимберли Читл күні кеше отставкаға кетті.

АҚШ президенті Джо Байден Читлдің отставкасын қабылдап, осы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасады және оған ондаған жылдар бойы мемлекетке қызметке еткені үшін алғысын білдірді.

Бұған дейін Кимберли Читл отставкаға кетуден бас тартқан еді. 

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамптың қауіпсіздігі күшейтілгенін жазған едік. Себебі оған сенбі күнгі қастандық әрекетінен бөлек, бірнеше апта бұрын Иран тағы бір қастандық әрекетін жасамақ болған. CNN және CBS телекомпанияларының мәліметінше, америкалық барлау маусым айында ирандықтардың Трампты өлтіруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат алған. Осыған байланысты Құпия қызмет экс-президенттің қауіпсіздігін күшейткен. Ол үшін қосымша күзетшілер, снайперлер мен арнайы техника жалдаған. 

Талқылау