АҚШ Грин-карта ойнатуды уақытша тоқтатты

АҚШ университеттегі атысқа байланысты Грин-карта ойнатуды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл шешім Браун университетінде екі адам қаза тапқан атыс оқиғасына байланысты қабылданды. АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, Браун университетіндегі атысқа күдікті елге дәл осы бағдарлама арқылы кірген.
“АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасы бойынша, бұл зиянды бағдарламаның салдарынан америкалықтарға бұдан былай зиян келтірілмеуі үшін USCIS-ке (АҚШ-тың Азаматтық және иммиграция қызметі) DV1 бағдарламасын дереу тоқтатуды бұйырамын”, – деп жазды министр X желісіндегі парақшасында.
Министрдің мәліметінше, күдікті Клаудио Мануэль Невеш Валенте 2017 жылы осы бағдарлама арқылы елге кіріп, тұрақты тұруға рұқсат алған.
Министр Ноэм “мұндай жиіркенішті адамды елімізге ешқашан кіргізбеу керек еді” деп жазды. Сондай-ақ ол президент Дональд Трамптың бұл бағдарламаны тоқтауды 2012 жылдан бері, әсіресе 2017 жылы Нью-Йоркте грин-карта алған иммигрант жасаған терактіден қолдап келе жатқанын еске салды.
Айта кетейік, 14 желтоқсанда АҚШ-тың Род-Айленд штатында Браун университетінің инженерлік және физикалық факультеттері орналасқан ғимаратта атыс болып, екі адам қаза тапқан еді. NBC News мәліметінше, шамамен 20 адам жарақат алған. Сол күні оқу орнында бітіруші емтихандары өтіп жатқан көрінеді. 18 желтоқсанда 48 жастағы күдікті қоймада өлі күйде табылды. NBC News деректеріне қарағанда, күдікті 2000 жылы Браун университетінде физика факультетінің студенті болған.
Green Card, ресми атауы “Permanent Resident Card” – АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат беретін құжат. Бұл карта иесіне елде заңды түрде тұру, жұмыс істеу және оқуға түсу мүмкіндігін береді. Green Card иелері АҚШ азаматтары сияқты әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алады, бірақ сайлау құқығы жоқ. Көпшілік жағдайда ол лотерея (Diversity Visa Lottery) арқылы немесе отбасы мүшелері мен жұмыс берушілер арқылы алынады.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты