Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ әскері Иранға соққы жасау үшін дайындығын аяқтады – БАҚ

Фото: Petty Officer 2nd Class Christian Kibler

АҚШ әскері Иранға ықтимал әскери соққы жасауға сенбіге қарай дайын болуы мүмкін. Алайда президент Дональд Трамп операция жөнінде әлі түпкілікті шешім қабылдамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CBS News телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, АҚШ әскері Иранға ықтимал соққы жасауға сенбі күні-ақ дайын болуы мүмкін.

"Ұлттық қауіпсіздік саласының жоғары лауазымды шенеуніктері президент Трампқа әскери күштер сенбіге қарай ықтимал соққыға дайын екенін жеткізді", – делінген материалда.

Телеарна операцияның нақты мерзімі белгіленбегенін атап өтеді. Егер ол басталса, демалыс күндерімен шектелмеуі мүмкін. Материалда АҚШ президенті Дональд Трамптың соққы беру туралы соңғы шешімді әлі қабылдамағаны нақтыланады. Бұған дейін Трамп Иран келісім жасаудан бас тартса, Вашингтон "екінші кезеңге" өтетінін, ол Тегеран үшін "өте ауыр" болатынын мәлімдеген.

АҚШ басшысы Ираннан елде ядролық қарудың болуын жоққа шығаратын келісім жасауды талап етіп отыр. Ол мұндай келісім болмаса, ислам республикасына өткен жаздағыдан әлдеқайда қуатты соққы жасалатынын ескерткен.

Қаңтардың соңында АҚШ Оман және Парсы шығанақтарына әскери кемелерден тұратын үлкен топ жіберді. Кейін Пентагон басшысы Пит Хегсет ол жаққа қосымша бөлімшелер жіберілгенін хабарлады.

БАҚ мәліметінше, Вашингтон Тегераннан ядролық бағдарламаны қысқарту бойынша қосымша қадамдар күтеді, соның ішінде уранды байытудан толық бас тарту және баллистикалық зымырандар өндірісін шектеу бар.

Айта кетейік, өткен аптада АҚШ пен Иран өкілдері Оманда келіссөздер өткізді. Трамптың айтуынша, олар жақсы өткен және жалғасады. Өз кезегінде Иран СІМ басшысы Аббас Аракчи ядролық энергияны тек бейбіт мақсатта пайдалануға кепілдік беретін келісім бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты. Осы жұма, яғни 20 ақпанда Трамп келіссөздер нәтиже бермеген жағдайда, АҚШ-тың екінші авианосецтік тобы жақын арада Таяу Шығысқа аттанатынын мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны, сондай-ақ наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаны туралы жазған едік. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атқан жағдайда, оларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін Иран өздеріне шабуыл жасалса Израиль мен АҚШ базаларына соққы беретінін ескертті.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 14:39