Қазақстандық әйел өзін БҰҰ әскери қызметкері деп таныстырған алаяққа ақша аударып жіберген
Әйел өзін Біріккен ұлттар ұйымының әскери қызметкерімін деп таныстырған алаяққа сеніп, қомақты қаражат аударып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: secretservice.gov
Мәліметтерге сенсек, 11 сәуірде Ақмола облысындағы қалалардың бірінің полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан алаяқтық дерегі бойынша арыз түсті.
Жәбірленушінің айтуынша, ол ақпан айында әлеуметтік желілердің бірінде өзін "James Charles" деп таныстырған ер адаммен танысқан. Кейін олардың әңгімесі WhatsApp арқылы жалғасқан.
Ер адам өзін Кипр Республикасының астанасы Никосияда бейбітшілік миссиясында жүрген БҰҰ әскери қызметкерімін деп таныстырып, Қазақстанға келіп, үйленгісі келетінін айтқан. Демалысын рәсімдеймін деген сылтауымен әйелден 550 долларын (284 889 мың теңге) сұраған. Әйел 115 мың теңге көлемінде қаражатты көрсетілген реквизиттерге аударған.
Кейінірек онымен тағы да байланысқа шығып, өздерін "БҰҰ кеңсесінің қызметкерлеріміз" деп таныстырған алаяқтар ұшақ билетін төлеу үшін қосымша ақша сұраған. Барлық шығынның кейін өтелетінін айтып сендірген. Осы сәтте жәбірленуші алаяқтардың құрбаны болғанын сезіп, оларға жауап беруді тоқтатқан.
Қазір полицейлер қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Мүлдем бейтаныс адамдарға қаншалықты сенімді көрінсе де, ақша аудармаңыздар. БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар өз қызметкерлерінің демалысын немесе сапарын рәсімдеу үшін жеке тұлғалардан ақша сұрамайды. Ақпаратты әрқашан мұқият тексеріп, жақындарыңызбен немесе құқық қорғау органдарымен кеңесіңіздер. Алаяқтықтың аздаған белгісі байқалса да, дереу полицияға хабарласыңыздар", – деп ескертті тәртіп сақшылары.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайда полиция мен банк қызметкерлері 62 жастағы әйелдің ақшасын алаяқтардан сақтап қалғанын жазған едік. Әйелден TikTok-та Киану Ривз деп таныстырылған алаяқ көмек сұраған, бірақ банк қызметкерлері күдік туғызып, полицияға хабарлаған. Әйелге ақша аударуға болмайтыны түсіндірілді.