Ақмола облысында жол жабық екені туралы ескертуді елемеген жүргізуші көз жұмды (видео)
Ақмола облысында жол талғамайтын көлікті ағыс алып кетіп, салдарынан жүргізушісі көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қайғылы жағдай 5 сәуірде "Астана-Атбасар-Жақсы-Рузевка-Сарыкөл-Қостанай-РФ шекарасы" тас жолының 963 шақырымында болған.
"Жүргізуші шектеуге қарамай полиция бекетін айналып, су басқан учаскені кесіп өтпек болған. Салдарынан көлікті ағыс алып кетті", – деп түсіндірді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көлікте үш адам болған. Екі жолаушыны полиция мен ТЖМ қызметкерлері құтқарып қалды. Олар медициналық көмекке жүгінген, ал жүргізушінің мәйіті түнде табылды.
Айта кетейік, “ҚазАвтоЖол” 2025 жылғы 6 сәуір сағат 11:00 шамасында Ақмола облысында "Көкшетау-Атбасар" автожолының 103-184 шақырым аралығында (Балкашино ауылы- Атбасар қаласы) қар еру салдарынан жол бөлігін су алуына байланысты көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылғанын хабарлаған.