Ақмола облысында сібір жарасын жұқтыру дерегі расталды
Фото: elements.envato.com
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақмола облысының Атбасар ауданында бірнеше тұрғын сібір жарасын жұқтырғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе ведомствоның бақылауында. Тиісті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Барлық қарсыэпидемиялық шара атқарылып жатыр. Мәселе біздің бақылауымызда. Науқастардың жағдайы орташа ауыр деңгейде. Олар қажетті ем қабылдап жатыр", – деді Әлназарова парламенттің бірлескен отырысынан кейін.
Сондай-ақ ол бұл ауданға карантин енгізілмейтінін айтты.
Министрдің сөзінше, жұқтырылған ет толық тәркіленген. Қазіргі денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облысында ірі қара індеттен қырылып, өңірге карантин енгізілді
Түркістандықтар аптап ыстықтан малдың жаппай қырылып жатқанын айтты
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда соңғы үш жылда сібір жарасы мен аусыл сияқты жануарлар ауруларының 900-ден астам ошағы тіркелгенін жаздық. Прокуратура дерегінше, кейбір өңірлердің әкімдіктері сібір жарасының таралуын жасырып келген. Мәселен, 2022 жылы Ақмола облысында 14 мың ірі қара індетке шалдыққаны жасырылған. Сібір жарасы былтыр төрт облыста анықталып, бір адам көз жұмған. Биыл індет Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелді. Сонымен қатар жалған вакцинация, сапасыз екпе сатып алу және санитарлық нормалардың бұзылуы бойынша да тексерулер жүргізілген.